Батыс Қазақстан облысында қазақы жылқыларды құжаттандырып, чиптеу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында қазақы жылқыларды құжаттандырып, чиптеу басталды

15.12.2022

Батыс Қазақстан облысында қазақы жылқыларды құжаттандырып, чиптеу басталды. Өңірде бірқатар шаруалар тұлпарлардан жаңа төл алып, сәйгүліктерді баптаумен айналысып келеді. Табыстың кілтін тауып, ауыл шаруашылығын дамытуға да үлес қосып жүрген еңбек майталмандары бар.

Әміржан Бекенов жиырма жылдан бері ата кәсіппен айналысып келеді. Бір сиырдан басталған ісі бүгінде берекесін беріп, үлкен шаруашылыққа айналған. Мал басын асылдандырып, ірі қара ұстайды. Шаруашылықта бірнеше адам еңбек етеді. Кейінгіде жылқы шаруашылығын дамытуды қолға алған.

Әміржан Бекенов, шаруа:
Жазда бие сауамыз, сиыр малын бордақылаймыз. Ерінбеген адамға шаруа көп қой. Ауыл шаруашылығын дамытып, ұрпаққа болашаққа өнеге болсын деп, осы кәсіппен айналысып жатырмыз. Еңбектің арқасы ғой табыс та, бәрі де.

Шаруа соңғы үш жылдан бері жылқыларды күтіп баптайды. Сәйгүліктерге арнайы мамандар келіп, чип салады. Тұлпардың айрықша белгілерін қағазға түсіреді. Ата тегін жазып, төлқұжатын толтырады. Мақсат - жүйрік ат, тазы, төбет секілді қазақтың төл жануарларын тіркеп, заңдастыру.

Сәтқали Байзуллин, облыстық «Бәйге» федерациясының атқарушы директоры:
Оның ерекшелігі - ол өзіміздің жерде дүниеге келгеннен кейін өзіміздің өңірге, табиғатқа бейімделіп туылады. Бұл - төзімді әрі ұзақ қашықтыққа шабуға бейімделіп туылатын, өсірілетін жылқылар.

Жергілікті жерде өсіп-өнген сәйгүліктерді патенттеу, заңдастыру мәселесі бәйге федерациясының қорытынды жиынында да қаузалды. Осы істің басы-қасында жүрген үздік қолтумашылар, атбегілер марапатталды.

Алтай Бимен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық спорт орталығының бөлім басшысы:
Қазақтың жылқысын құжаттандыру мәселесін бәйге спорт түрлеріндегі спорт аттарының қандай жағдайда екенін, олардың ататегі қай жақтан келе жатқанын, осының бәрін бір жүйеге келтіру - өте үлкен іс-шара. Министрлік тарапынан үлкен қолдау болады деп ойлаймыз, сеніммен айтамыз.

Атадан қалған құрықты балаға ұстату, қазақтың төл өнерін дамытуда ауылдағы қарапайым шаруалардың еңбегі зор. Келер жылы елімізде өтетін халықаралық "Көшпенділер" ұлттық спорт ойындарына да тұлпарларды қатыстыру жоспарланған.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу