Джо Байден Жоғарғы сотқа шағым түсірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Джо Байден Жоғарғы сотқа шағым түсірді

14.12.2022

АҚШ Жоғарғы соты президенттің студенттік несие қарызын кешіру бойынша екінші шағымын қарауға кірісті. Ковидке байланысты Байден жиырма миллион адамның студенттік берешегін жеңілдетпек болған. Алайда өңірлік сот бұған тосқауыл қойды.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Байденнің студенттік несиесі бар адамдарға жеңілдік жасамақ ниеті қазір Америка қоғамында үлкен дауға айналған тақырыптың бірі. Демократтар негізінен қолдаса, республикашылдар қарсы шығып жатыр. Осыдан төрт ай бұрын президент Байден 2003 жылғы соғыстан немесе ұлттық төтенше жағдайдан зардап шеккендерге жеңілдік беретін заңды негізге алып, білім үшін қарыз алған, тұрақты жұмыс істейтін адамның жылдық кірісі 125 000 доллардан, ал ерлі-зайыптының табысы 250 мың доллардан аспаса 20 000 долларға дейінгі несиелерін кешіретіні туралы шешімін шығарған еді.

Осы бір реттік көмек арқылы кемі жиырма миллион адамның 400 миллиард доллар қарызын кешірмек болды. Алайда республикашыл алты штаттың бас прокурорлары сотқа жүгініп, мұндай көп несиені кешіруге тек Конгресс қана құқылы, Байден лауазымын асыра пайдаланбақ деп шағым түсірді. АҚШ-тың Сент-Луистегі 8-ші аудандық апелляциялық соты олардың талап арызын қолдап, Байденнің жоспарына тосқауыл қояды. Ақ үй де қалалық деңгейдегі соттың президент жарлығын тоқтатуға қаншалықты құқылы деп Жоғарғы сотқа жүгінді.

Гразер, студент:

Жоғарғы оқу орындарының қазіргі оқу ақысы өте қымбат. Осы орайда президенттің мәселені қолға алып жатқаны қуантады. Себебі біз 40-50 жасымызға дейін сол алған біліміміздің ақысын төлейміз. Негізі бұлай болмауы тиіс. Сондықтан президент қарыз ауыртпалығын жеңілдете алса үлкен көмек болар еді.

Кэти, Вашингтон қаласының тұрғыны:

Мысалы менің ата анам әлі күнге дейін студенттік несиені қайтарып жатыр. Оған қоса жылдар бойы пайздық мөлшері көбейді. Яғни олар 20 жыл бұрынғы алған ақшамен салыстырғанда әлдеқайда көп ақша қарыз. Бұл үлкен проблема. Үкімет осыған байланысты дұрыс шешім қабылдаса екен деп тілеймін, немесе пайыздық мөлшерлемені азайтса да үлкен көмек болар еді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Студенттік қарызды азайту керек деп санайтын жұрт республикалық партияның пандемия кезінде алпауыт компаниялардың екі триллион доллар салығын кешіргенін алға тартады. Корпорациялардан бұрын, қарапайым адамдар көмекке мұқтаж. Студенттік несиесін азайтудан үміттеніп қазірдің өзінде жиырма үш миллион адам өтініш беріп қойған. Бірақ, Жоғарғы сот қашан және қандай шешім шығарары білгісіз. Енді ғана тараптардың аргуметтерін тыңдауды бастайды.

Сондықтан екі жылдан бері ковидке байланысты студенттік несилерді төлеу уақытын шегеріп келген Байден әкімшілігі жақында бұл мерзімді алтыншы рет созып, келер жылдың шілдесіне дейін шегерді. Енді бұдан артық созуға құзыры жоқ. Осы кезге дейін Жоғарғы сот нақты шешім шығармаса, тұрғындар білім үшін алған берешегін қайта төлей бастауға және толық қайтаруға мінетті болмақ.


Хабарламаларға жазылу