Мәскеудегі қазақ диаспорасы ұлттық мектептің жұмысын жандандырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеудегі қазақ диаспорасы ұлттық мектептің жұмысын жандандырды

13.12.2022

Тәуелсіздік күні қарсаңында Мәскеудегі қазақ диаспорасы ұлттық мектептің жұмысын жандандыруға айрықша көңіл бөліп отыр. Тәрбие көзі – қолөнер үйірмесіне көбірек көңіл бөлінбек. Мәселен қайыстан қамшы өру, ноқта-жүген түю мен ою-өрнек сырын меңгеру сияқты түрлі сабақтар енді апта сайын өткізіледі. 

Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалған ою-өрнек ұлт мәдениетінің эстетикалық мәнін айшықтайды. Қазақ халқы сахараның сан алуан тасынан күнделікті тұрмыс бұйымдарын жасаған. Мәскеуде тұрып жатқан қазақтар жастардың тарапынан қолөнерге деген қызығушылығын арттырмақ.

Серік Тойғанбаев, қазақ диаспорасының өкілі:

Басқа ұлттың өкілдеріне өзіміздің қазақтың мәдениетін, дәстүрін, киім-кешегімізді насихаттаймыз. Ол біріншіден, біздің басымызды қосады, екіншіден, елге деген сағынышымызды басады. Біз бір-бірімізге қамқоршымыз, бір-бірімізге жүрегіміз жылып тұрады.

Томирис Жанәлі Ресей астанасында туған. Қазір ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жастардың бірі. Ол қазақ биінің әлемдік деңгейде жоғары дәрежеде өркен жаюына үлес қоспақ.

Томирис Жанәлі, биші:

Ресейдегі мәдениет үйлері, өңірлерде ұлттық биімізді билеп, өскелең ұрпаққа үйретіп жүрмін. Ұлтымыздың өнеріне сегізінші сыныпта қызыға бастадым. Қай мемлекетте өмір сүрсең де қазақтың мәдениетін ұмытпай, құрметпен қарау керек деп есептеймін. Мен өз тегімді мақтан етемін.

Жалпы Мәскеуде 10 мыңнан астам қазақ тұрады. Әр мереке сайын салт-дәстүр жаңғыртылып, түрлі деңгейдегі шаралар өткізіледі. Ендігі мақсат- Мәскеуде қазақ сыныбын ашу. Өйткені ана тіліне деген құрметті арттырып, жастардың жүрегіне сәуле шашу маңызды.

Көне заманнан келе жатқан қолөнері өзінің өсу жолында өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалды.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу