Аралдың солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аралдың солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасы талқыланды

12.12.2022

Қызылордада Кіші Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасы облыстық қоғамдық кеңесте талқыланды. 17 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ауқымды бағдарлама келер жылы басталуы тиіс. Мамандар мен сарапшылар, қоғам белсенділері жобаға қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, тиісті ұсыныстарын жергілікті әкімдікке жолдады.

Солтүстік Арал теңізінің деңгейін көтеріп, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бастамасы жылдар бойы айтылып келеді. Көптің көкейіндегі күрмеулі мәселенің нүктесі қойылатын күн де алыс емес. Жалпы құны 120 миллион АҚШ долларын құрайтын жобада екі нұсқа қаралған. Соның ішінде Сырдария бассейніндегі ең үлкен Қамбаш көлінен Кіші Аралға су жеткізу үшін канал қазу қаралған. Бірақ оған экологтар үзілді-кесілді қарсылық білдіріп отыр.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері құжатты мұқият зерделеп, мамандар мен сарапшылар кеңесіне жүгініп, жобаның үшінші нұсқасын әзірлеп ұсынды. Онда кем-кетіктер ескеріліп, ең тиімді әдіс қаралып отыр. Және Аманөткел аумағынан «Мырзаш» су реттегішін салу қажеттігін құжатқа енгізуді талап етті.

Сұлтанбек Тәуіпбаев, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

Кіші Арал бір деңгейлі болса, Көкарал бөгетін қайтадан қалпына келтіру мәселесін көтерілді. Суды Қамбаштың төменгі жері Ақлақ жағынан канал тартып, Кіші Аралға құйылса деген ұсынысқа келістік.

Жалпы, ауқымды бағдарламаға экологиялық ахуал мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық әлеуетін көтеру бағытында да жобалар қаралған. Онда ғылыми-туристік экспедицияны дамытуға «Барсакелмес» қорығы аумағынан Сафари парк құру, Қамбаш көлінен аквапарк салу секілді бастамалар ұсынылған. Бірақ бұл жобалар әлі де сүзгіден өтетін болады.


Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу