Минскіде мектеп оқушылары қазақ тілін үйренбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Минскіде мектеп оқушылары қазақ тілін үйренбек

07.12.2022

Минскідегі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары қазақ тілін үйренбек. Беларусь астанасында орналасқан білім ордасында он жылдан бері қазақ авторларының туындылары насихатталуда. Минскіден тілшіміз жалғастырсын.

Индира Бегайдар, тілші:

Минскіде орналасқан мына мектепке 2009 жылы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Сол кезден бастап 1000-ға жуық оқушы қазақтың тарихы, салт-дәстүрі және әдебиетімен танысуға мүмкіндік алды. Мұнда Әл-Фараби атындағы сынып та ашылған.

Алена Лабковская қазақ мәдениетін зерттегісі келеді. Оқушы бірнеше жылдан бері ақын-жазушылардың еңбектерін оқып, ұлттық киімді ұлықтап жүр.

Алена Лабковская, оқушы:

Мен Мұхтар Әуезов атындағы мектепте оқығанымды мақтан етемін. Сондай ақ Қазақстанға барып, тұмса табиғатын тамашалағым келеді. Бай дәстүрімен жақынырақ танысып, ұлттық тағамдардан дәм тату арманым.

Алена сияқты қазақ тіліне, дәстүріне қызығушылық танытқандар Әл- Фараби сыныбында бас қосады. Жалпы білім ошағында әдеби кештер мен екі елдің арасындағы достықты насихаттайтын түрлі шаралар дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Енді мектеп әкімшілігі қазақ тілін үйретуге ден қоймақ.

Вадим Панасевич, Мұхтар Әуезов атындағы мектептің директоры:

Тек оқушылар ғана емес, ересектердің тарапынан да қазақ тілін үйренем деушілер бар. Сондықтан бұл мәселе қазір елшілікпен талқыланып жатыр. Дәрістерге Қазақстаннан арнайы мұғалімдерді шақыртсақ деп жоспарлап отырмыз. Себебі сол тілде сөйлейтін, қазақ тілін жетік меңгерген мұғалімнің дәрежесі жоғары болары анық.

Мектеп қазақстандық білім ордаларымен байланысты күшейтпек ниетте. Онлайн дәріс, семинарлар арқылы мұғалімдер тәжірибе алмаспақ. Сонымен қатар жыл сайын Абай мен Мұхтар Әуезов оқуларын өткізу жоспарланып отыр.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу