Ресейдің Омбы облысында қазақ тілі міндетті пән ретінде оқытылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Омбы облысында қазақ тілі міндетті пән ретінде оқытылмақ

13.03.2023

Ресейдің Омбы облысында қазақ тілі міндетті пән ретінде оқытылмақ. 20 жылдан бері көтерілген мәселе шешімін тапты. Өңірде қазақ тіліне деген сұраныс жоғары дейді мамандар. Осыған дейін Омбыдағы 11 мектепте қазақ тілі тек факультатив ретінде оқытылды. Себебі сапалы оқулық жоқ болды. Ал енді қазақ ғалымдарының тіл үйретудегі әдістерімен сапалы оқулық шықты. Оның авторлары - Алтай өңіріндегі Қосағаш мектебінің мұғалімдері.

Бәткен Сәрсенова, мұғалім:

Егер де біз факультатив туралы айтып отырсақ, барғысы келген балалар барады, сабаққа барғысы келмейтін балалар бармайды. Сондықтан тілді үйренбейді. Ал пән болса, балалар міндетті түрде барады, сондықтан тілдері дамиды, ана тілінде еркін сөйлейді. Қазіргі күнде ата аналардық қазақ тіліне деген қызығушылығы өте көп, сондықтан балаларын оқытуға тырысады.

Әзірге 1-4 сыныптарға арналған «Әліппе» мен «Қазақ тілі»» оқулығы барлық сараптамадан өтіп, ресейлік оқу бағдарламасына ресми түрде енгізілді. Алдағы уақытта жоғары сынып оқушылары үшін де шығарылмақ.

Жасмин Әбдірнасырова, оқушы:

Мен жетінші сыныпта оқимын. Қазақ тілін төртінші сыныптан бастап үйреніп жүрмін. Бұл менің ана тілім болғандықтан, оны меңгеріп, еркін сөйлегім келеді. Алдағы мақсатым осы.

Омбы және Алтай мұғалімдері жаңа оқулықтар Ресейдің басқа да мектептерінде қолжетімді болып, қазақ тілін оқытатын білім беру мекемелер желісі кеңейеді деп үміттенеді. Жалпы өңірде қазақ тілін дамытуға ерекше мән берілген.

Қуаныш Елеутаев, «Омбы Қазақтары» қоғамдық ұйымының төрағасы:

Соңғы жылдары жастардың арасында қазақ тілін білмейтіндердің саны көбейді. Бұл олқылықтың орнын жою үшін тіл үйірмелерінің де санын арттырдық. Енді қазақтардың музейі мен кітапханасын ашсақ деп отырмыз.

Омбы облысында 70 мыңға жуық қазақ тұрады. Сондықтан мұғалімдер оларға ана тілін барлық мектеп пен балабақшада оқыту керек деп есептейді.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу