Алматыда «Қара шекпен» қойылымының тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Қара шекпен» қойылымының тұсаукесері өтті

26.02.2015
Алматыда «Қара шекпен» қойылымының тұсаукесері өтті

Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында осетин драматургы Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» спектаклі сахналанды.

Қойылым биыл «Алматы - Ислам мәдениетінің астанасы» болып жариялануына байланысты дайындалған.

Түркітілдес халықтар аңызының негізінде жазылған туынды өмір шындығына құрылған. Адам бойындағы қасиеттерді көз алдыңа келтіретін спектакльді қоюшы режиссер - Асхат Маемиров.

Ол бұл қойылымды сахнаға шығару үшін қисапсыз тер төкті. Батыс елдерінің театр өнеріндегі жетістіктерін отандық театр сахнасына бейімдеп, тың дүние жасауға талпынған.

Асхат Маемиров, қоюшы режиссер:

Келген көрермен сахнаға қарап, өзін көреді. Өзі бақылай алмаған қасиеттерін таниды. Сол қасиеттерін тани отырып, бүкіл жағымсыз жағынан жиренеді.

Қойылымда адам мен аң арасындағы астарлы сезім  - философялық тұрғыда көрініс табады. Тіршілік илеуіндегі барлық хайуанның өмір үшін күресі көрсетіледі.

Осындай дүниелерді сахналау  арқылы жақсылық пен жамандықтың ара жігі ашылады.

Сәтті шыққан образдар мен режиссерлік шешімдерге тәнті болған көрермен осылайша құрмет көрсетті.  Қойылым жаңа толқын өнерпаздардың жетістіктерін тамашалауға келген  әйгілі әртіс Асанәлі Әшімовтің де жүрегін жауласа керек.

Асанәлі Әшімов,  Қазақстанның Халық әртісі:

Фәлсапалық жағынан өте ұтқыр. Көрермен қауымға берері, тәлім-тәрбие, тағылымы өте үлкен. Актерлердің ойыны, ансамблі өте жақсы.  Асхат Маямиров режиссері аса жоғары дәрежедегі дарынды спектакль қойған.

Жұмыр жерді мекендеген тіршілік иесінің ішіндегі адамның досы мен дұшпаны арасындағы байланысты әңгімелей отырып, адамға ой  салуды көздеген қойылымды алматылық көзі қарақты көрермен жылы қабылдады. Қойылым «Алматы - Ислам мәдениетінің астанасы»  атты үш күндік бағдарламаны қорытыңдылады. 

Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ                                     

Хабарламаларға жазылу