Сенат Төрағасы: Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат Төрағасы: Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз

26.11.2022

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президентін салтанатты ұлықтау рәсімі туралы пікірін әлеуметтік желілеріндегі парағында жариялады.

Спикер Мемлекет басшысы өзінің жеті жылдық қызметіне ресми түрде кіріскенін және бұл еліміздің саяси өміріндегі айтулы оқиға екенін атап өтті.

«Өткен сайлауда азаматтарымыз Қасым-Жомарт Кемелұлына зор сенім білдіріп, әділеттілікке табан тірейтін мемлекет, экономика және қоғам құру бағдарламасын қызу қолдағаны белгілі. Президентіміз ұлтымыздың осы үмітін ақтау өзінің алдағы басты міндеті болатынын жариялады. Сонымен қатар, сайлау алдында берілген уәделерді іске асыруға жол ашатын бастапқы әрі нақты жұмыс бағдарларын айқындап көрсетті. Президентіміз өз сөзінде заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты екенін қадап айтты. Осы жолда елден заңсыз шығарылған барлық активті елге қайтару маңызды міндетке айналуда. Бұл үшін заңсыз шетел асқан капиталды қайтаруға қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасы әзірленетінін жеткізді. Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Осы және алда жарияланатын басқа да бастамалар мен міндеттерді заңнамалық тұрғыдан сапалы әрі уақтылы қамтамасыз ету Сенаттың алдындағы басты міндеті болып қала береді», деді ол өзінің жазбасында.


Хабарламаларға жазылу