Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі

26.11.2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі

Құрметті Отандастар!

Ханымдар мен мырзалар!

Қадірлі қонақтар!

Биыл халқымыз үшін айрықша маңызды жыл болды. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біз түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер жасадық. Конституциялық реформаны жүзеге асырдық. Мемлекетіміздің ең басты салаларын жан-жақты жаңғырттық. Соның арқасында халықтың болашаққа деген үміті артып, сенімі нығая түсті.

Мен аймақтарды аралап, тұрғындармен кездескенде бұған айқын көз жеткіздім. Сондай-ақ өткен референдум тың бастамаларды жұртымыздың жаппай қолдайтынын көрсетті. Халықтың дұрыс бағыттағы өзгеріске ұмтылысы жұмысқа зор серпін берді. Біз реформаларды соңына дейін міндетті түрде жеткізуіміз қажет.

Конституцияның жаңа талабына сәйкес бұдан былай Президент жеті жылдық бір мерзімге ғана сайланады. Осылайша, саясаткерлердің жаңа буыны билік басына келе бастайды. Мен осы шешімнің дұрыс болғанына кәміл сенемін.

Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылады. Осындай жаңа саяси маусымды Президент сайлауы бастап берді. Сайлау науқаны 3 айға жуық уақытқа созылды. Осы кезеңде еліміздің болашағы туралы түрлі мазмұнды пікірталастар болды. Жұртымыз өз болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Азаматтық қоғамның кемел институтқа айналғаны айқын аңғарылды. Саяси алаңға жаңа тұлғалар шықты. Осылайша, халқымыз 20 қарашада өз таңдауын жасады.

Сайлау әділ әрі ашық өтті. Бұл – байқаушылардың, сарапшылар мен журналистердің берген бағасы. Ел-жұрттың белсенділігі ерекше жоғары болды. Кейбір азаматтар бүкіл отбасымен келіп, дауыс берді. Бұл науқан ел мүддесі үшін ұлт болып біріге алатынымызды көрсетті.

Бабаларымыз қай заманда да бірлігін бәрінен биік қойған. Біз ата жолын сақтай білген, заманауи және өркениетті ел екенімізді бүкіл дүние жүзіне паш еттік. Бірлігіміздің бекемдігін тағы да дәлелдей алдық.

Осы сайлауда жұртымыз маған зор сенім білдірді. Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын.

Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін.

Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.

Сайлауға қатысқан барша жұртқа ризашылығымды білдіремін. Науқанға атсалысқан қауымға, байқаушылар мен журналистерге зор алғыс айтамын. Президенттікке кандидаттарға да құрметімді білдіремін. Сайлауда саяси партиялар және қоғамдық ұйымдар маңызды сәтте жұдырықтай жұмыла алатынын көрсетті. Осы ретте мені президенттікке ортақ кандидат ретінде ұсынған халық коалициясы мүшелеріне рахметімді айтқым келеді.

Мен өзіме дауыс берген азаматтардың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының алдында есеп беретін болдым. Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым.

Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде Мен үшін айнымас темірқазық болады.

Құрметті отандастар!

Өткен Президент сайлауы нағыз патриоттық шара болды. Сайлау азаматтарымыздың ел тағдырына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Бұл әділдік идеясының және халықтың ерік-жігерінің салтанат құрғанын, елімізді жан-жақты жаңғырту үдерісі басталғанын білдіреді.

Сайлау Қазақстандағы электоралды процестің ашықтығы мен әділдігін жаңа деңгейге көтерді. Сондай-ақ біздің қоғамның саяси мәдениеті мен кемелдік дәрежесі жоғары екенін танытты. Халық сайлау учаскелерінде алдағы жеті жылға арналған мемлекетті дамыту бағдарламасына оң баға берді. Маған сенім артқан барша отандасыма шексіз ризашылығымды білдіремін. Президент лауазымында елімізге адал қызмет етуге дайынмын. Бұл – зор абырой әрі үлкен жауапкершілік. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Алдағы жеті жылда халықтың зор сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын.

Енді біздің ортақ мақсатымыз – заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстанды құру. Қоғамды трансформациялап, Қазақстанды шынайы демократиялық институттары дамыған елге айналдыру үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, қастерлі тәуелсіздігімізді нығайтамыз.

Қазір біз осы қиын-қыстау жолдың басында тұрмыз. Алдымызда атқаратын жұмыс көп. Әрбір азамат елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінуге тиіс. Мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты – білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғырту. Еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің негізін жаңа технологиялар, жоғары еңбек өнімділігі, азаматтардың шығармашылық бастамалары құрайды.

Басты міндет – іскер азаматтарымыздың кәсіпкерлік рухына зиянын тигізетін жасанды кедергілер мен шектеулердің бәрін жою. Кәсіпкерлер бизнеске жүргізілетін себепсіз тексерулерді біржолата ұмытуы қажет. Олар тек салық органдарының алдында ғана есеп береді. Мемлекет пен бизнес – сенімді серіктестер. Шағын және орта бизнестің дамуына заңсыз кедергі келтіретіндердің бәрі заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады.

Біз ауқымды индустрияландыруды, инфрақұрылымдарды салуды және жаңғыртуды қолға аламыз. Кең байтақ еліміздің әр өңірінің дамуына тың серпін беру маңызды. Шынайы заң үстемдігін қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жеке меншікті қорғау, бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Сондықтан заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты. Барлық мәселе, әсіресе түйткілді және даулы проблемалар конструктивті диалог арқылы, ең алдымен, Парламентте шешілуге тиіс. Алдағы Сенат және Мәжіліс сайлауы осы мүмкіндікті береді.

Біз «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын қатаң сақтауымыз керек. Біз «бірлігіміз – әралуандықта» формуласында көрініс тапқан халқымыздың тарихи жетістіктерін жан-жақты еселеуге тиіспіз. Қоғамда араздық туғызатын және ұлттың бірлігін бұзатын, түптеп келгенде, мемлекетімізге қарсы бағытталған арандатушылық әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады.

Біз халықтың тілегі мен заман талабына сай тиімді мемлекет құруға міндеттіміз. Бұл – маңызды тарихи міндет. Мемлекеттік қызметке нақты сектордан меритократия және ашық бәсекелестік қағидаттарына сай іріктеуден өткен жаңа басқарушы азаматтарды аламыз. Президенттік кадр резервінің мүшелерін белсенді түрде тартамыз.

Біздің басты байлағымыз – адам. Сондықтан азаматтардың игілігі үшін барлық жағдайды жасау аса маңызды. Еліміз даму жолында, негізінен, өз күшіне сенеді. Сонымен қатар шетелден тікелей инвестиция тарта отырып, түрлі саладағы халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытады.

Қазақстан өз ұлттық мүддесін қорғауға бағытталған теңгерімді және конструктивті сыртқы саясатын жүзеге асыруды жалғастырады. Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттермен, интеграциялық бірлестіктер жөніндегі серіктестермен арадағы өзара тиімді ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестік мәселелері басты назарда болады. АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен, Азия, Таяу Шығыс және Кавказ мемлекеттерімен, сондай-ақ басқа мүдделі елдердің барлығымен көпжақты ынтымақтастықты дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Қазақстан қазіргі халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын берік ұстанатын ел болып қала береді.

Қымбатты отандастар!

Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құрамыз. Осы қағидаттар менің сайлау алдындағы тұғырнамамда нақты көрініс тапты. Мен оның әр сөзіне, әр сөйлеміне терең мән бердім. Сайлауалды бағдарламам – бұл ұзақ ой-толғау мен ізденістің нәтижесі. Тіпті, жүрегімнен шықты десем, артық айтқандық емес. Халықтың бастамаларға қолдау білдіріп, үлкен үміт күтіп отырғанын білемін. Тұғырнаманың әрбір тармағы толық орындалуға тиіс. Мен ол үшін барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Осыған байланысты арнайы Жарлыққа қол қоямын. Бұл Жарлық нақты іс-шаралардың жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Бағдарламаның мүлтіксіз орындалуын жеке бақылауыма аламын.

Қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда ең алдымен, қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді.

Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз.

Келесі маңызды бағыт. Біз әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға тиіспіз. Бұл үшін Үкімет заңсыз шығарылған капиталды қайтару үшін қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасын әзірлейді. Сонымен қатар заң жобасы әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жоюға бағытталады. Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қоямын. Жақын арада ауқатты кәсіпкерлер халықтың игілігі үшін өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін жандандырады деп ойлаймын.

Мемлекеттік құрылыста біз «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын нақты ұстанамыз. Президент сайлауы биліктің барлық негізгі институтын дәйекті түрде жаңғырту үдерісін бастауға жол ашты. Сайлау ауқымды электоралды циклдің бастапқы кезеңі болды.

Біз саяси жаңғыру үдерісін жоспарлы түрде жалғастырамыз. Бүгін мен «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қоямын. Осылайша, жоғарғы палата депутаттарының кезекті сайлауы конституциялық реформаны нақты жүзеге асырудың жалғасы болмақ. Сайлау қорытындысы бойынша Сенаттың депутаттық корпусының бір бөлігі бәсекелестік және ашықтық қағидаттары негізінде жаңарады.

Бұдан бөлек, бүгін мен конституциялық реформаны жүзеге асырудың келесі сатысы ретінде «Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қоямын. Келесі кезең – оны толыққанды трансформациялау. Басқа маңызды әрі өзекті мәселелер бойынша шешімдерді кейінірек жариялаймын. Тағы да қайталап айтамын, алда атқаратын шаруа көп. Бұл – жеңіл жұмыс емес, бірақ елге пайдасы тиетін қызмет. Мен бүкіл мемлекеттік аппараттан осы міндетті абыроймен орындауды талап етемін.

Қолынан іс келетін және елге беріле қызмет жасайтын азаматтарға ғана ортамызда орын бар. Оларға қолдау көрсетеміз, ал қоғам құрметін білдіреді. Халқымыздың нақыл сөзін сәл түрлендіріп айтсақ: «Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді». Осыны әр азамат түсінуі керек.

Ел мүддесі – бәрінен биік. Мен барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етемін. Бір сөзбен айтсам, кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық біздің басты қағидаттарымыз болуға тиіс. Қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер.

Көк байрағымыз, төлқұжатымыз және мемлекеттік тіліміз біздің біртұтас халық екенімізді білдіреді. Бабаларымыз біртұтас ел болып, Еуразия төрінде даңқты шежіресін ат тұяғымен жазған Алтын орда мен Қазақ хандығы сияқты мемлекеттер құрған. Сондай-ақ халқымыз ел басына күн туған күрделі сәттерде азаттығы үшін арпалысты. Әйгілі хандарымыздың, батырларымыздың және ұлт қайраткерлерінің ерлігі – осының айқын көрінісі.

Ұлттың бостандық жолындағы табанды күресінің арқасында Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Егемен мемлекеттің құрылуына, оның іргесін бекіту жолында орасан зор еңбек сіңірген тарихи тұлғаларымызға әділ баға беруіміз керек.

Табыстарды және олқылықтарды ажырататын бұл – уақыт және тарих. Уақыт – ең әділ қазы, ал тарих – бәріне таразы. Сондықтан саяси науқаншылдыққа жол бермеуіміз қажет. Біз болашақта әділетті мемлекет боламыз десек, өткенге әділдікпен қарап, одан тағылым ала білуіміз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену – өсетін елдің белгісі. Отаншылдық, еңбекқорлық, білімпаздық, жаңашылдық, жасампаздық, жанашырлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттерді бойға сіңіруіміз қажет. Мен бұл туралы жиі айтып жүрмін.

Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Әсіресе ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет. Олар еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек. Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана, қоғамымыз шынымен жаңарды деп айта аламыз.

Көпшілік қазіргі уақытта нағыз батырлардың жетіспейтінін айтады. Бірақ нағыз қаһармандар жұрттың назарынан тыс жерде. Олар біздің арамызда. Батырлар күн сайын зауыт станогында жұмыс істейді, қоғамдық көлік жүргізеді, ұшақ штурвалына отырады, құтқарушының қорғаныс киімін киеді, науқасқа жедел жәрдем беруге асығады, әскери техниканы меңгереді. Нағыз батырлар балаларымыз бен қарт ата-аналарымыздың дастарханы ас-ауқатқа толы болуы үшін ауылда таңмен таласа оянады. Біздің батырлар – өзінің жеке кәсібін бастайтын, жұмыс орындарын ашатын, қызметкерлері мен олардың отбасыларына жаңа мүмкіндіктер тудыратын кәсіпкерлер. Біздің батырлар – өзінің махаббаты мен күш-қуатын, тәжірибесі мен білімін, мүлкі мен қаражатын қоғамға риясыз ұсынатын еріктілер мен игі іс жасайтындар. Олардың барлығы – халықтың мақтанышы әрі үміті. Міне, осындай еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі.

Біз өркениеттің алғы шебіндегі мемлекетке айналу үшін тек үйренетін емес, өзгеге үйрететін ұлтқа айналуымыз қажет. Сондай-ақ тек тұтынушы емес, жаңа дүниені өндіруші ұлт атануымыз керек. Оған халқымыздың әлеуеті, дарыны, қарым-қабілеті жетеді.

Мен біздің жастарымыздың ұшқыр және озық ойлы екенін мақтан етемін. Сол себепті Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деген сөзін үнемі айтамын. Шын мәнінде, бәріміз жастарымызды қолдауымыз керек. Өйткені өскелең ұрпақ қана елімізді жарқын болашаққа бастайды. Бірақ жастар жетістікке жету үшін көп еңбектенуі керек. Жаңа білім алуға, тың тәжірибе жинауға ұмтылған жөн. Сонда жастарымыз өз кәсібінің хас шебері атанады. Әрдайым сұранысқа ие болады, қоғамда сыйлы болады. Міне, осылай өмір сүрген адам ешқашан, ештеңеден ұтылмайды.

Қазіргі заман уақытты жылдамдатып, оқиғалар тізбегін қабаттастырады. Сөзіміз бен ісіміздің шынайы бағасын тарих таразысы ғана береді. Ар-ұжданымыздың тазалығы мен халқымыздың құрметі – бәріміз үшін үлкен сый.

Біз – рухани мұрасы бай, қарқынды даму әлеуеті зор, қуатты әрі өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын ұлтпыз. Шығыстың ұлы ұстазы Әл-Фараби адамдарды әділ болуға, ақиқатты сүюге, ар-намысты қастерлеуге, сабырлы болуға және қашан да білімге ұмтылуға үндеді. Мемлекеттілігіміздің дамуында қуатты серпіліс жасай алған ұрпақ ретінде тарихта қалуға зор мүмкіндігіміз бар екеніне сенімдімін. Елдің келешегі бізге, барлығымыздың қажырлы еңбегімізге байланысты.

Тәуелсіз елімізді қуатты мемлекет ретінде ұрпаққа аманаттау – біздің борышымыз. Алда талай сынақтар, күрделі кезеңдер болуы мүмкін. Дегенмен ырысты ынтымағымызды сақтай білсек, алынбайтын асу жоқ.

Мен бүгін халқымның алдында тұрып, бастаған ісіміз берекелі болсын деп тілеймін.

Қазақ – ырымшыл халық. Мен биыл қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде ата-баба рухына құран бағыштап, Алладан бір-ақ нәрсе сұрадым. Ол – елдің амандығы. Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым. Ашығын айтқанда, қызмет – уақытша, ал халық – мәңгі.

Мен президенттік миссиямды халқыммен бірге алдағы жеті жылда абыроймен атқарып шығамын деп сенемін. Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір! Сондықтан әрқашан бірге болайық, ағайын!

Еліміз өркендей берсін!

Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасасын!

Халқымыз жасасын!

Халқымыз әрқашан аман болсын!

Тәуелсіз Қазақстанымыз жасасын!

Хабарламаларға жазылу