Қызылорда облысында екі ауданда 16 жер асты құдығы қазылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында екі ауданда 16 жер асты құдығы қазылды

25.11.2022

Қызылорда облысындағы Арал мен Қазалы аудандарында 16 жер асты құдығы қазылды. Мал су ішетін суаттар көбейіп төрт-түліктің күйі жақсарды. Шаруалар жем-шөп қорын да молынан жинап алды.Былтыр осы аудандарда мал азығынан қиындық туындағаны есте. Ауыл жұртының берекелі тірлігіне тілшіміз Әділбек Серікұлы куә болып қайтты.

Былтырғы қуаңшылықта Жалаңтөс батыр ауылы маңында мал ішетін су болмады. Тіршілік нәрін іздеген төрт-түлік 10-15 шақырымға дейін тентіреп кетті. Биыл көптің талап-тілегімен ауыл жанынан скважина қазылды. Қазір мал алысқа ұзамай, тұрғындардың көз алдына жайылып жүр. Жалпы Қазалы ауданындағы үш округте осындай жоба жүзеге асқан.

Сапарбек Қуатов, Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

25 ауылдық округтен скважина қазу жөнінде жоба-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Оғанда 69,9 миллион теңге бөлініп, осы келешектің еншісінде деп отырмыз. Аманшылық болса, жылма жыл кезектілікке қойып, әрбір ауылдан осындай скважиналар қазсақ деген ойымыз бар.

Бүгінде тұрғындардың басым бөлігі малмен күнелтіп отыр. Шаруалар былтыр жем-шөптен тарығып, қорасындағы түлігін сатуға мәжбүр болған. Ал, биыл шабындық жерлерде шөп мол шығып, мал азығынан мәселе туындап отырған жоқ.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Қорасында төрт-түлік ұстаған ауыл тұрғындары биыл мал азығын молынан жинап алды. Мына тау боп үйілген шөп, биылғы қыстан бейқам шығуға толықтай жетеді дейді шаруалар.

Абзал Сәрсенов, шаруашылық төрағасы:

Енді малымыздың күйі жақсы деп отырмыз. Қоң алса, келесі жылға да өзі жақсы өнім береді. Артық өнімін халық жан-жаққа сатып отыр. Өздерінің игіліктеріне пайдасын көріп отырмыз.

Арал ауданында қуаңшылықтың алдын алуда ауқымды жұмыстар атқарылды. 13 жер асты құдығы қазылып, шалғайдағы ауылдар бүгінде оның игілігін көріп отыр.

Серік Диханов, шаруа:

Біздің өзімізде Құланды, Беларан ауылдық округінде скважина қазып алдық. Жақсы болды. Өте қатты пайдалы. Сосын екі скважина қаздырдық қасынан 22 метрден шықты. Ол да жақсы болды. Суы тұщы болып тұр.

Мамандардың айтуынша биыл Арал мен Қазалыда мал басы өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Алдағы уақытта жаңадан жер асты скважиналары қазылса, малға жайлы жерлер көбейе бермек.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу