Түркияның Дүзже аймағында жер сілкінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның Дүзже аймағында жер сілкінді

23.11.2022

Түркияның Дүзже аймағында жер сілкінді. Зілзаланың қуаты 5,9 баллды құраған. Мамандар апаттан қаза тапқандар жоқ деп хабарлады. Бірнеше ондаған адам жараланған. Олардың саны әлі де нақтыланып жатыр. Дүмпудің қуаты елдің бірнеше қаласында сезілді. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Таңғы төрттен сегіз минут өткенде Ыстамбұлдан шамамен 200 шақырым жердегі Дүзже облысының Гөляка ауданында қуатты жер сілкінісі болды. Соңғы мәліметтерге сай, барлығы 50 адам жараланған. Олардың біреуінің жағдайы ауыр. Көбісі зілзала кезінде қорқыныштан жоғары қабаттан секіріп кеткендер. Апат орнына барған Түркия ішкі істер министрінің айтуынша, бірқатар ғимараттың қабырғалары жарылып, сылағы құлаған.

Сүлейман Сойлу, Түркияның ішкі істер министрі:

Біздің мамандар қазір көше-көшені аралап, ғимараттарды тексеріп жүр. Абырой болғанда адам өлімі жоқ. Бірқатар ғимараттарға зақым келген. Бірнеше қора-қопсы құлаған. Қазір біртіндеп электр жарығы мен газ қосылып жатыр. Халыққа жылы киім, ыстық тамақ таратылып, арнайы шатырларымызды құрдық.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Жер дүмпуі Анкара мен Ыстамбұлда да сезілді. Түнде біз де содан ояндық. Жер тербелісі соншалықты қатты емес, десе де адамдардың көбісі түнде қорқып, далаға қашып шыққан. Зілзала ошағына ең жақын Дүзже және Сакария облыстарында мектептер мен университеттерде сабақ тоқтатылды. Жер сілкінісінің қайталануынан қауіптенген тұрғандардың көбі әлі де ашық алаңдарда жиналып тұр. Оларға төтенше жағдай қызметтері арнайы шатырлар құрып, ыстық тамақ таратып жатыр. Мамандар халықты әзірге үйлеріне кірмеуге, зақым келген ғимараттарға жақындамауға үндеп жатыр.


Хабарламаларға жазылу