Тұралаған туризм: Қарқаралыда туристік нысандар тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұралаған туризм: Қарқаралыда туристік нысандар тапшы

22.11.2022

Президент Қарағанды өңіріне жасаған сапары кезінде Қарқаралы аралығындағы тас жолды жөндеу туралы тапсырма берген болатын. Биыл асфальт төселе бастады. Жалпы, Қарқаралы таулы-орманды өлкесіне жылына 20 мың турист келеді. Бірақ жиһанкездерге қызмет көрсететін демалыс орындары жоқтың қасы. Туризим саласына қаржы құйғысы келетін кәсіпкерлерді ынталандыру үшін қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несие, сондай-ақ жер телімдері ұзақ мерзімге беріле бастады.

Табиғат аясында тұрғызылып жатқан мына 3 глэмпинг жаңа жыл қарсаңында ашылмақ. Киіз үй пішіндес нысандардың екеуі қонақ үй, біреуі асхана. Оны салу үшін жергілікті жас кәсіпкер 20 миллион теңге жұмсаған. Қаражаттың біраз бөлігін жеңілдетілген шартпен несиеге алыпты, тағы бір бөлігі қайтарымсыз грант есебінде берілген. Әзірге тәулігіне 10 адамды қабылдай алады. Келешекте тағы 3 глэмпинг салуды жоспарлап отыр.

Айжан Оңғарбай, кәсіпкер:
Болашақта осы жерде жоспарда кинотеатр ашылады. Балаларға арналған көптеген іс-шаралар болады. Сондай-ақ мына жерден ұзынынан әр маусымға арналған сырғанақ алаңы болады. Қызығушылық өте көп. Мен бастамай жатып, сұраныс өте көп. Қашан ашыласыздар деген сұрақ өте көп болып жатыр.

Қазір Қарқаралыда барлығы 35 демалыс орны бар. Мұнда бір мезгілде 3 мың адам тоқтай алады. Бұл әрине жеткіліксіз. Себебі жыл өткен сайын туристер көбейіп келеді екен. Айталық биыл тек 6 айдың өзінде 10 мыңнан аса қонақ келген. Олар жергілікті бюджетке 265 миллион теңге кіріс әкеліпті. Бұл ресми ақпарат. Ал демалыс орындары мен қонақ үйден орын таппай келіп-кетіп жатқандары қаншама.

Динара Шәріп, Қарқаралы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы:
Туризм саласын дамытуға, кәсіпкерлікті дамытуға былтырғы жылы 8 жер телімі берілген болатын. Бұл жер телімдері Ұлттық табиғи паркімен шектескен табиғат аясында орналасқан жерлер. Биылғы жылы 7 жер телімі берілді. Ол 13,5 мың гектар болады. Енді жоспар бойынша бұл жер телімдерінде туристік нысан салынады.

Бұған қоса биыл ұлттық табиғат паркінің аумағындағы 75 жер телімі де жалға беріледі. Бас жоспарға енгізілген. Қазір салалық министрлікте экологиялық сараптамадан өтуде.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Өлке туризмін дамыту үшін бірінші кезекте жол қатынасын жақсарту керек. Ел Президенті өңірге келген сапарында Қарағанды мен Қарқаралы аралығындағы тас жолды жөндеу туралы тапсырма берген болатын. Биыл 10 шақырымына асфальт төселді. Қалған 74 шақырымы келер жылы жөнделеді деп жоспарланған. Оған шамамен 5 миллиард теңге қаражат қажет.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу