Алматыда 600 сайлау учаскесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 600 сайлау учаскесі ашылды

20.11.2022

Президентін сайлауында дауыс беру үшін Алматыда 600 учаске ашылды. Бүгін қала бойынша 5000-нан астам маман сайлау комиссиясы жүйесінде қызмет атқарады.

Жазира Оразқызы, тілші:

Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, алып шаһар Президент сайлауына 100 пайыз дайын. Қала бойынша ашылған 600 сайлау учаскесінің 69-ы аурухана, перзентхана, әскери мекемелер мен шипажай секілді арнайы нысандарда орналасқан. Барлық сайлау учаскесі қажетті материалдармен және атрибуттармен қамтамасыз етіліп, безендірілген. Әрқайсысында дауыс берушілер үшін Президенттікке үміткерлер туралы толық ақпараттар бар. Алматыдағы сайлау барысын халықаралық 43 байқаушы қадағалайды.

Мегаполисте 1 млн 176 мың тұрғын дауыс беруге құқылы. Сайлаушылардың жас мөлшеріне тоқтала кетейін, ең көбі - 35 пен 54 жас аралығындағы тұрғындар, олар 435 мың адам немесе 37%, алғаш рет дауыс беретін 18 жастан бастап 34 жасқа дейінгілер - 35%, яғни 411 мыңнан астамы. Ал 28% бұл - 55 жастан жоғары кісілер. Сондай-ақ сайлау құқығы бар, мүмкіндігі шектеулі 43 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Қажет болса, бұл кісілер үшін бүгін 54 инватакси қызмет ететін болады.

Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы бүгін дауыс берушілерді саяси әрі маңызды шараға белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға шақырып отыр. Егер сайлауға қатысты сауалыңыз болса немесе өз учаске нөміріңізді білгіңіз келсе, 1315 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады. 

Хабарламаларға жазылу