Мал басын өсіріп, бау-бақшасын баптап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мал басын өсіріп, бау-бақшасын баптап отыр

19.11.2022

Қарашаның үшінші жексенбісі, яғни ертең - ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің күні. Қажырлы жұмысының арқасында мал басын көбейтіп, бау-бақшасын баптап отырған қарапайым жерлестеріміздің ісі көпке өнеге. Батыс Қазақстандағы Бәйтерек ауданында өз ісін малшы болып бастаған шаруаның кәсібі өркендеп, бүгінде үлкен фермаға айналды. Жұмысшыларға жайлы баспана салып, бар жағдайын жасап қойған. 

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Мінекей, мынау жаңа әкелінген биылғы төл. Қазіргі салмағы 100 келідей. Бұлар осы жерде 6 ай ұсталып, салмағы мынадай 300-400, тіпті 500 келіге жеткенше осы алаңда бордақыланады.

Төлеген Жеңісұлының шаруашылығында қазақтың ақбас сиыры, гольштейн, герефорд асылтұқымды ірі қара күтіп ұсталады. Еңбекқор жандарға демалыс күні де дамыл жоқ. Ресейге мал тапсыруға жолға шығып кеткен қожалық иесінің орнына ұлы Мадияр бас-көз болып қалған.

Мадияр Жеңісов, шаруашылық қызметкері:

Әкем бұрыннан, бала кезінен, 15 жасынан бастап мал қарайды. Мал тасыған, жалғыз жүріп мал сойған. Әрине, еңбекпен тапқан нан тәтті. Егер барлық қиындығына төзіп, шыдамдылық танытса, алдағы уақытта өз пайдасын, табысын әкеледі.

Малдың жем-шөбі, суы дәл уақытында беріледі. Жұмыс жартылай автоматтандырылған. Қысқа 200 тоннадай жем, 1000 рулон шөп дайындалған. Бордақылау алаңы бірнеше бөлікке бөлінген.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Шаруашылықта ірі қарадан бөлек қойлар да бордақыланады. Менің қолымдағы мынау еділбай тұқымдас қойдың қозысы. Шамамен осында әкелінгеніне 1 айдай болған. Бұл енді осында тоқты болғанша өсіріліп, күтіп-бапталады.

Ардагер Әнуар ағай осы шаруашылықтағы бау-бақшаны күтіп-баптайды. Мұнда алма, өрік, шие ағаштары, құлпынай, бүлдірген - жеміс-жидектің түр-түрі бар. Өзі 28 жыл ет комбинатында еңбек еткен. Жұмысшыларға арнайы үй, монша салынғанын айтады. Киімі жуулы, 5 мезгіл тамағы әзір.

Әнуар Ғайсин, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

Осы малшыларға пиязын, қызанақ-қиярын, қауын-қарбызын - бәрін егеміз. Мол жетеді бәріне де. Жұмысшыларға 100 % жағдай жасалған. Күн сайын моншасы әзір. Жатып-тұрар орындары жайлы.

Қазір мұндағылар жазда қыр басына қажетті еңбеккерлерге арналған жайлы баспананы өз қолдарымен құрастырып жатыр. Қандай істі қолға алса да, бүге-шүгесіне дейін ойластыратын, жер еміп, төрт-түлік түлеткен, маңдайын күн сүйген майталман жандардың мәртебесі әрқашанда биік.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу