Жамбыл облысында былтыр 160 іскер жан несие алып, кәсіп бастаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында былтыр 160 іскер жан несие алып, кәсіп бастаған

02.03.2022

Жамбыл облысында былтыр 160 іскер жан несие алып, кәсіп бастаған. Бұл бастама биыл да жалғасын тапты. Бірі мал бақса, енді бірі көкөніс өсіріп, пайдаға кенеліп отыр. Байзақ ауданына қарасты «Үлгілі» ауылының тұрғындары негізінен мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Бау-бақша өсірумен айналысатындар да бар. Мәселен, осы кезге дейін жұмыссыз жүрген Мақсатбек Ақышев ауласына қызанақ пен қияр өсіріп, өз ісін өрістетпекші. Пилоттық жоба бойынша өткен жылы өткізген құжаты қолдау тауып, қолына 4 милион 800 мың теңге тиіпті. Енді ол жылыжай салуға кірісіп кеткен.

Мақсатбек Ақышев, ауыл тұрғыны:

Пилоттық жоба арқылы 2,5 пайызбен неси алдық. Қазір міне тиімді болғаннан кейін жұмысты бастап кеттік. Қызанақ егіп бастайын деп жатырмыз. Ауа райы да жылы. 5-10 наурызға дайындап жатырмыз.

Төмен процентпен несие алып шаруасын дөңгелетіп отырғандардың тағы бірі Меркі ауданындағы «Бахор» шаруашылығы. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейден сауын сиырлар сатып алған. Бүгінде кәсібі жемісін бере бастады. Мұнда тәулігіне 90-ға тарта сиыр сауылып, аудандағы ірімшік зауытын сүтпен қамтамасыз етіп жатыр. 18 ауыл азаматы тұрақты жұмыс істейді.

Ғания Орын, сауыншы:

Біз мұнда сиырларды екі мезгіл сауамыз. Бір сиыр күніне 35-40 литрге дейін сүт береді. Жалақымыз тұрақты. Барлық жағдай жасалған.


Хабарламаларға жазылу