Атыраулық шаруа өңірде тұңғыш болып лимон өсірген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық шаруа өңірде тұңғыш болып лимон өсірген

03.12.2019

Атыраулық шаруа Владимир Розметов, өңірде тұңғыш болып лимон өсірді. Алғашында, климаты қатал аймаққа цитрустық өсімдікті жерсіндіру қиынға соққан. Бірақ тыңнан түрең салған кәсіпкер қажырлы еңбектің арқасында биыл 3 тоннадан астам өнім жинады. Қожалық иесі лимоннан бөлек төрт түлікті де өсіріп отыр.

Владимир уәдесінде тұрды. Шаруа отырғызған ағаштар бүгінде лимонға тұнып тұр. Жеміс түрі «Бейбітшілік» деп аталады. Көшеті Өзбекстаннан әкелінген. Әр түп ең кемі 15 келіге дейін өнім береді. Бұл 3 жылдық тынымсыз еңбектің нәтижесі.

Владимир Розметов, шаруа қожалықтың басшысы:

Күні -түні қарап, баланы өсіргендей қарау керек. Сонда бәрі өседі. Атырау жерінде өспейді дегенді мен білмеймін. Біз жаңғақ өсірдік, 150 гектар жерде 32 түрлі алмамыз бар. Бәрін өсіруге болады. Тек жұмыс жасау керек.

Қожалық иесі түрт түлікті де баптап отыр. Мал басын асылдандырып келеді. Кенжелеп қалған ешкі шаруашылығын да дамытты. Фермасында 600-ге жуық асыл тұқымды ешкі бар. Олардан күніне 800 литрдей сүт алады. 15 түрлі өнім шығарылады. Тауар еуропалық стандартқа сай.

Владимир Розметовтың шаруашылықпен айналысқанына 15 жыл. Агроөнеркәсіпке толықтай ден қойған. Қазір оның қожалығында 700-ге жуық адам еңбек етеді. Балаларын да берекелі іске баулып жүр.

Нәсібін жерден тапқан шаруа кәсібін әлі де кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол үшін германиялық мамандармен келісімшартқа отырды. Келер жылы лимон суын шығаратын цех ашпақ.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу