Қызылорда облысы, Қазалы ауданында Сырдарияның үстінен өтетін «Қарлан» көпірінің құрылысы басталды. Өткел өзеннің арғы бетіндегі 11 елді-мекеннің тұрғындарын аудан орталығымен байланыстырмақ. Көптен күткен нысанның құрылысы мерзімінде аяқталса дейді жұртшылық. Өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы ауылдағы ағайынның талап-тілегін тыңдап қайтты.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Дарияның арғы бетінде орналасқан мыңдаған халық үшін аудан орталығына баратын төте жол осы. Қалқымалы көпір арқылы автокөліктер күнделікті ауданға қатынайды. Бірақ, өзенге мұз қатып, сең жүрген уақытта мұның өзін қауіпсіздік үшін алып тастайды.
Қашқынбай Нысанов, Өркендеу ауылының тұрғыны:
Сол мына көпірдің жоқтығынан мына Басықарамен айналамыз. Ол жерде жанағы күзді күні осындай жаңбыр болса көлік жүре алмайды.
15 мыңнан аса тұрғынның жылда көретін азабы осы. Әсіресе, көктем мен күзде жұрт орталыққа жете алмай әбіржиді. Ауылдағы ағайынның талап-тілегі ескеріліп, биыл көптен күткен көпірдің құрылысы басталды. Тұрғындар әрі-бері өткен сайын жаңадан салынып жатқан өткелге мойын созып, ондағы жұмыстың барысын бақылап жүр.
Демеу Алданазар Бірлік ауылының тұрғыны:
Құрылыстың қарқыны бірде жүреді, бірде тұрады. Көп жылдан бері бұл халықтың көкейінде жүрген бір арман еді. Осы жол азабының тезірек біткенін, осы көпірдің өз деңгейінде, өзінің уақытнда біткенін халық соны тілеп отыр.
Салаға жауаптылар бүгінде құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатқанын айтады. Өзен үстімен өтетін көпірдің ұзындығы 250, ені 13 метр болады. Екі жақтан ауылдық трассаға дейін 3 шақырымдай жол түседі. Жобаның жалпы құны 4 миллиард теңгеден асады. Бұл қомақты қаржы жұмыс ауқымына қарай бірнеше жылға бөлініп отыр дейді мамандар.
Нұрман Ердалиев, Аудандық ТҮКШ, Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы:
Ағымдағы жылға республикалық және облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге қаралды. Қазіргі таңда темір-бетон көпірінің сегіз бағанасы құйылуда және автомобиль жолымен негізгі қабаты топырақ қабатын көтеру жұмыстары жүргізілуде. Негізі нысанды мерзімінен бұрын аяқтау жоспарлануда.
Жалпы «Қарлан» көпірі жоба бойынша 2024 жылы пайдалануға берілуі керек. Бірақ, мердігер де, жергілікті әкімдік те құрылысты ерте аяқтауға ниетті.
Авторы: Ә.Серікұлы, Н.Нұрмахан