Елордада жеке тұрғын үйлерге көгілдір отын кіргізу біршама жеңілдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада жеке тұрғын үйлерге көгілдір отын кіргізу біршама жеңілдеді

18.11.2022

Елордада жеке тұрғын үйлерге көгілдір отын кіргізу біршама жеңілдеді. Газ құбырларын жүргізуге рұқсат беретін құжаттар саны екі есе қысқарған. Ал жергілікті әкімдік пен таратушы оператор тарапынан берілетін жеңілдіктер тұрғындар үшін табиғи газды қолжетімді етті. Қазір, Астана қаласының өзінде 12 мыңнан астам абонент газға қосылу мүмкіндігін алған. Қыстың көзі қырауда бұл тұрғындардың басым бөлігі көгілдір отынның игілігін көріп келеді.

Жақсылық Мәкішов елорданың оңтүстік шығысындағы тұрғын үй алабында тұрады. Былтыр қала маңындағы елдімекенге орталық газ құбыры жеткізілген. Аз уақыттың ішінде мұндағы үш жарым мыңнан астам үйдің 2500-і көгілдір отынға қосылып үлгерді.

Жақсылық Мәкішов, қала тұрғыны:
Жеті ай қысқа 280 мың, ал көмір алғанда баяғыда бір камаз көмір аласың 500 мың. Бұрын біз кешке қарай терезе аша алмайтынбыз. Көк түтін тұратын оңтүстік ауданда. Қазір ауа таза.

Заңдастырылмаған жеке үйлері көп ауданда бұған дейін газға қосылу мүмкіндігі болмаған. Рұқсат қағаз алу үшін әр үй 500 мың теңге қосымша төлеу қажет. Әрі құжат жинау жарты жылға жуық уақытты алатын. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде көтеріліп, тиісті заң нормасы қабылданды. Осылайша газдандыру жұмыстары жеделдеді.

Мақсат Есмағұлов, қала әкімдігі отын энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:
Бұрын егер де газға ауысу үшін 8 документ керек болатын. Қазір ол құжаттардың саны 4-ке дейін қысқарды. Екінші деңгейдегі банкілермен арнайы келісім шартқа қол қойдық. Көптеген банкілер, ешқандай пайызсыз. Алғашқы жарнасыз. Газға ауысу үшін кредит береді.

Тұрғындар үшін бұдан да тиімді жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың газ орнатуға кеткен шығынының 413 мың теңгесін әкімдік өтейді. Ал, таратушы оператордың көмегімен құны жүз мың теңге болатын газ есептегіш құрылғы барлық абонентке тегін орнатылады.

Айбек Ерғали, «ҚазТрансГазАймақ» Астана өндірістік филиалы директорының орынбасары:
Газ құбырларының барлығы жаңа, газ қысымы барлығына жеткілікті. Автоматтанған екі стансамыздың қуаты 230 мың куб сағатына береді. Сол себепті бәрі жоспарға сай орындалған.

Қазір қала бойынша тартылған газ құбырларының көлемі 650 шақырымға жеткен. Бұл 12 мыңнан астам абонентті газбен қамтуға жетеді. Бүгінге дейін 7 жарым мыңдай тұрғын үй газға қосылды. Мамандар жыл соңына дейін 8 мыңнан астам үй көгілдір отынмен қамтылады дейді.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу