Адагерлер ұрпақ тәрбиесіне үлес қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Адагерлер ұрпақ тәрбиесіне үлес қосты

18.11.2022

Шымкент қаласында шетелде әскери қызмет атқарған азаматтардың «Мұрагер» деп аталатын қоғамдық бірлестігі құрылып, іске кірісті. Ел қорғаған азаматтар енді қоғамдық тәртіпті сақтау, қаланы көгалдандыру ісіне қолғабыс етпек. Ең бастысы балаларды патриоттық рухта тәрбиелеуге үлес қоспақшы.

Әубәкір Таштаев әскери борышын Моңғолияда өтеген азамат. Байланыс бөлімшесінде командир болған. Оқушыларымен емен жарқын әңгімелескен ол өз қаруластарымен бірге білім ұясының ауласына 50-ге тарта ағаш көшетін отырғызды. Енді осы іске атсалысқан әрбір жас өзінің еккен ағашына күтім жасайды.

Әубәкір Таштаев, «Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

Жасыл аймақта, жақсы таза ауада, жақсы жемістің астында өскен бала келешекте патриоттық рухта және мәдениетті болып қалыптасады деп ойлаймын.

Бірлестік мүшелері мұнан соң оқушылармен кездесті. Қамқорлық, ізгілік қасиеттер. Мектеп пен ұстазға, үлкендерге құрмет. Ата-ананы ардақтау. Отанды сүю. Осы тақырыптар әңгіме арқауы болды. Аға буын өкілдері өмірлік тәжірибесін, көкейде пайымды ойларын айтты.

Жантөре Айтуған, мектеп оқушысы:

Ер адам епті болуы керек. Спортпен айналысуы керек. Жастайынан осы қасиеттер болса мықты азамат болады. Мен осыны түсіндім аталардың сөзінен.

«Мұрагер» бірлестігінің құрамында 2 мыңнан астам азамат бар. Олар кезінде Куба, Монғолия, Германия, Вьетнам секілді елдерде бейбітшілік шарты бойынша әскери борышын өтеген. Ұйым енді мектеп оқушылары және жоғары оқу орны студенттерімен түрлі шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

Үсенбатыр Арзықұлов, «Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Жастарды кейінгі қару жарақтармен таныстыру, қаруды шашып-жинау, эстафеталық мектепаралық жарыстар, жаңа талапты ойындар ұйымдастырамыз деген ойымыз бар.

«Мұрагердің» мүшелері студенттермен де кездесті. Олармен бірге «Даңқ» мемориалына гүл шоқтарын қойды. Бабалар ерлігіне тағзым етті.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу