Президент Алматыны дамытудың бағыттарын айқындап берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Алматыны дамытудың бағыттарын айқындап берді

16.11.2022

Жолдағы кептеліс, қара түтін, тозған коммуналдық жүйе. Бүгін Алматы жұртшылығымен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шаһардың негізі проблемаларын атап, оны шешу жолдарын айтты. Оңтүстік астананың қаңтар қасіретінен кейін толық қалпына келтірілгенін және оны одан әрі дамыту мәселелеріне тоқталды.

Досжан Маратұлы, тілші:

Мемлекет басшысы бірден алматылықтырды әбден мезі еткен мәселелерге тоқталды. Ол ғимараттардың тығыз орналасуы, кептеліс, экология, және түрғын үйге қатысты түйткілдер. Президенттің айтуынша, Алматы - жастардың қаласы. Бірақ олар үшін баспана ең өзекті мәселе. Ол қымбат, жалдау ақысы да тым жоғары. Оның үстіне пәтер тапшы. Сондықтан әкімдік тұрғын үй құрылысын арттыруы қажет. Бірақ құмырсқаның илеуіндей үй салғысы келетін компаниялардың емес, азаматтардың мүддесі ескерілуі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы бетоннан салынған орманға айналмауы керегін айтты.

Тұмса табиғатымен ерекше Алматы қара түтінге тұншығып тұр. Экология мәселесін шешу үшін Тоқаев қоғамдық көліктерді 2025 жылға дейін жаппай газ бен тоққа көшіруді тапсырды. Оның үстіне қалаға күн сайын 700 мың машина кіреді. Саны жылдан-жылға ұлғайып жатыр. Мәселені шешіп, кептелісті азайту үшін жол-көлік жүйесін жетілдіріп, метро желісін ұзарту тапсырылды.

Ал қаңтар қасіретінен кейін Алматы толық қалпына келтірілетінін айтты. Әрі осы қаралы қаңтардағы қарақшылардың әрекетін кейбіреулер халық көтерілісі деп ақтауға тырысып жүр. Айтуынша, халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білуіміз керек. Азаматтардың бейбіт шеруін пайдаланғандар ел ішінде қырғын салып, билікті басып алмақ болғандығын еске салды.


Хабарламаларға жазылу