Сайлау-2022: Нұрлан Әуесбаев штабының өкілдері Астанада жастармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау-2022: Нұрлан Әуесбаев штабының өкілдері Астанада жастармен кездесті

11.11.2022

Президент сайлауына 9 күн қалды. Басты саяси дода жақындаған сайын кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Үміткерлер мен олардың сенімді өкілдері сайлаушылармен кездесіп, дауыс беруге шақырып жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев штабының мүшелері бірқатар кездесу өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев штабының өкілдері Батыс Қазақстандағы Зенит зауытының және «Жайықжылуқуат» коммуналдық кәсіпорынының ұжымымен жолығып, үміткердің сайлауалды бағдарламасына тоқталды. Әрі өңірдің зиялы қауым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен жүздесіп, мәдениет пен өнерді дамыту жайын талқылады. Экология мәселесіне қатысты пікір алмасты.

Мәулен Әшімбаев, республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы:

Экология мәселесі еліміз үшін де оның ішінде БҚО үшін де өзекті мәселе екенін білеміз. Жайыққа қатысты проблемалардың бар екені жасырын емес. Су деңгейі төмендеп кетті соңғы жылдары. Сол себепті мемлекет бұл бағыттарда жұмыс істеуде. Әлі де бәріміз бірге әртүрлі деңгейде көп нәрсені жасауымыз керек.

Мейрам Қажыкеннің Ақтөбе облысындағы үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда

Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкеннің Ақтөбе облысындағы үгіт-насихат жұмысы жалғасуда. Қазір қала мен екі ауданда 18 бильборд ілінген. Халық көп жүретін жерлерде үгіт парақшалары таратылады. Бұл жұмыстар штабтағы 30 волонтерға жүктелген. Апта басында кандидаттың өзі осы өңірге іс сапармен барып, медицина және құрылыс саласының қызметкерлерімен кездескен еді.

Лидия Оралбаева, облыстық штаб басшысы:

Әр уақытта келген адамдарға сұрақтарына жауап беріп, олардың сайлауға тегіс қатысуына біз барлық жерде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Халық, жұртшылық Мейрам Зекешұлының алыс аудандарға келгенін күтті. Бірақ мына ауа райының қолайсыздығына байланысты біз ондай рискке бара қойған жоқпыз. Бірақ сенімді өкілдер аудандарды бөліп алдық. Біз кездесуді жалғастырып алыс аудандарға барамыз.

Қарақат Әбденнің штабы атқарылған жұмыстарды пысықтады

Кандидат Қарақат Әбденнің республикалық сайлауалды штабы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Тұрғындар тарапынан түскен сауалдар зерделеніп, алдағы іс-шаралар пысықталды. Штаб өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктелді. Кандидат бүгінге дейін 8 облыстың 13 қаласы мен бірқатар елді мекен жұртшылығымен кездесті. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, жастар тәрбиесі, отбасы институтын нығайту мен қоғамдағы бірқатар мәселе төңірегінде пікір алмасып, ой бөлісті.

Арман Аусақов, кандидат штабының өкілі:

Кандидат енді өңтүстік өңірлерді аралауды жоспарлап отыр. Халықпен жүздесіп, бірқатар іс-шараларға қатысады. Республикалық штаб пен аймақтық штабтар кестеге сай жұмыс істеп жатыр.

Жигули Дайрабаев май зауытына барды

Президенттікке «Ауыл» партиясынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев пен оның партияластары Абай облысындағы май зауытына барды. Семей іргесінде орналасқан ірі кәсіпорын майлы дақылдарды өсірумен және оны қайта өңдеумен айналысады. Зауыт басшылығының айтуынша, бүгінде толықтай өндірістік қуатқа шығу мүмкіндігі болмай отыр. Былтыр ашылған зауытқа 13 млрд тг инвестиция тартылған. Қазіргі уақытта 400 адам тұрақты жұмыс істейді.

Серік Байғалиев, өңірлік штаб басшысы:

Бірсыпыра тізім бойынша мекемелерге барып, жұмысшылармен және қарапайым адамдармен кездесіп жатырмыз. Бағдарламаны айтып түсіндіріп, бізде қандай мақсаттарымыз бар, соны жеткізіп келеміз. Осындай үгіт-насихат жұмыстарын істедік.

Нұрлан Әуесбаев штабының өкілдері жастармен кездесті

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаевтың жақтастары Астанада студенттермен кездесті. Жиынға қатысушыларға сайлауалды бағдарлама таныстырылды. Жастар көбіне білім сапасына, жұмысқа орналасуға қатысты сауалдар қойды. Ал қыз-келіншектер әйелдердің әлеуметтік мәртебесіне қатысты мәселелердің барын жеткізді. Жоспар бойынша ертең оппозициялық партия өкілдері Ақмола облысының Ақкөл ауданы тұрғындарымен кездеседі.

Талғат Омаров, Н.Әуесбаевтың сенімді өкілі:

Бүгін өте қызықты кездесу болды. Жастардың саны 50 шақты болды. Тағы да он шақты әйел болды. Көп сұрақтар қозғалды, әйелдердің зейнетке шығатын жасын 58-ге дейін түсіру жайлы. Білім мәселесіне қатысты сұрақтар да қойып отыр. Неге десеңіздер: жастарымыз сапалы білімді талап етеді.

Қазақ аналары флешмоб ұйымдастырды

Қазақ аналары үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгін олар елорданың іргесінде президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекованы қолдауға арналған флешмоб ұйымдастырып, атпен шапты. Шараны «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі өткізді. Айта кету керек, Салтанат Тұрсынбекова сайлауға да осы ұйымның атынан қатысуда. Осы күнге дейін кандидат үгіт-насихат науқанымен еліміздің 7 өңірін аралап, тұрғындармен кездесу өткізген болатын. Өзінің сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі таныстырған. Қазір кандидаттың 20 өңірде штабы қызу жұмыс істеп жатыр.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу