Сайлау-2022: Қарақат Әбден штаб кеңесін өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау-2022: Қарақат Әбден штаб кеңесін өткізді

10.11.2022

Үгіт насихат жұмыстарының аяқталуына бір аптадан астам уақыт қалды. Сондықтан ел басқарудан үмітті азаматтар уақытты құр жіберіп жатқан жоқ. Қазір жер-жердегі штаб өкілдері сайлаушылармен кездесіп, кандидаттар да ел аралап жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев штабының мүшелері Ақтөбе облысында бірқатар кездесу өткізді

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев штабының мүшелері бүгін Ақтөбе облысының жұртшылығымен жолықты. Үміткердің сайлауалды бағдарламасын жан-жақты таныстырып, басым бағыттарын айтты. Әрі Құдайберген Жұбанов атындағы жоғары оқу орынының ғалымдарымен, оқытушы құраммен жүздесіп, ғылым жайын талқылады. Кейін «Ақтөбе» футбол клубының ойыншыларымен кездесіп, рельс-арқалық зауытында да болды.

Бақытжан Жұмағұлов, республикалық қоғамдық штабтың мүшесі:

Республикалық штабтың мүшелері ретінде өңірлерді аралап жүрміз. Бүгін міне Ақтөбе облысына келіп, сайлаушылармен кездесіп жатырмыз. Кездесуде осы біздің кандидаттың бағдарламасын айтып, ең бастысы халықтың ешқайсысы сайлаудан қалмай келуіне барлығын шақырып жатырмыз.

Мейрам Қажыкен Жаңаөзен қаласына барды

Ел Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен Жаңаөзен қаласына барды. «Білім-инновация» лицей-интернатында қалалық мұғалімдермен кездесті. Сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарына тоқталып, түрлі сауалдарға жауап берді. Тараптар мұғалім мәртебесі, кәсіподақ міндеті, сыртқы саясат, экономика тақырыптарында пікір алмасты. Жиын соңында кандидатқа мұнайшылар атынан каска табыс етілді.

Мейрам Қажыкен, президенттікке кандидат:

Көп мәселе. Оның бәрін түгел жазып алдым. Мен өзім педагог болғаннан кейін білемін, түсінемін. Кәсіподақ бар. Кәсіподақпен бірге жұмыс істеу керек. Жұмыс берушілер бірігу керек. Әлеуметтік әріптестік деген осы, міне. Екеуі бірігіп, ортаға мәселені қойып, талқылап, шешім қабылдаса кез келген мәселені шешуге болады.

Қарақат Әбден штаб кеңесін өткізді

Кандидат Қарақат Әбден бүгін штаб кеңесін өткізіп, атқарылған жұмыстарды пысықтады. Мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді. Штаб басшысы өңірлердегі сайлаушылардан көптеген сауалдар мен ұсыныстар түсіп жатқанын жеткізді. Барлығы дерлік үміткердің сайлауалды бағдарламасына қатысты. Алдағы уақытта олар жан-жақты сараланбақ. Кандидат бұған дейін 8 облыстың 13 қаласы мен бірқатар елді мекен жұртшылығымен кездесті.

Еламан Төлепберген, кандидаттың баспасөз хатшысы:

Кандидаттың ел өңірлеріндегі кездесулері жалғасуда. Сайлауалды штабқа қойылған талап өте жоғары. Ел өңірлерінен көптеген сұрақтар мен ұсыныстар түсіп жатыр. Сайлаушылармен кері байланыс орнатылған. Олардың барлығына білікті мамандар тиісті жауаптарын беріп жатыр.

Жигули Дайрабаевтың өкілі шаруалармен кездесті

Үміткер Жигули Дайрабаевтың сенімді өкілі Қостанай облысында Заречный ауылының шаруаларымен кездесті. Бұл кәсіпорын картоп, қырыққабат, сәбіз, қызылша, пияз тәрізді көкөніс өсіреді. Тұқым себуден бастап дайын өнім алынғанша дейінгі үдеріс түгел автоматтандырылған. Кездесу соңында Қайрат Айтуғанов халыққа кандидаттың сайлауалды бағдарламасын таныстырды, шаруалардың сауалдарына жауап берді.

Қайрат Айтуғанов, Ж.Дайрабаевтың сенімді өкілі:

Қандай мәселелер шешілмей жатыр. Біріншіден жанармай. Ол қымбат деп жатыр. Екіншіден тыңайтқыш қымбаттады. Ал баға... Баға құлап жатыр, неге? Міне шекара.

Нұрлан Әуесбаев Астана тұрғындарымен жолықты

Оппазициялық партия өкілі Нұрлан Әуесбаев бүгін Астананы аралап, жатақхана тұрғындарымен кездесті. Ескірген үйлердің жай-күйін, азаматтардың тұрмысын көрді. Көбі инфрақұрылымның нашарлығына, жалақының аздығына шағымданды. Үміткер оларға өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, түрлі сұрақтарына жуап берді. Нұрлан Әуесбаев елдің 7 аймағын аралады. Жоспарланған 60-қа жуық іс-шараның 40-қа таяуын өткізді.

Нұрлан Әуесбаев, президенттікке кандидат:

Шәкен Айманов көшесіндегі жұмысшылар жатақханасында кездесу болды. Жатақхананың жағдайы шынында да өте ауыр және басқа да толып жатқан проблемалар бар. Тұрмыс жағдайлары да қанағаттандырмайды. Сондықтан өткір-өткір сұрақтар қойылды. Енді өз кезегінде мен де тиісті сұрақтарға жауаптарын бердім. Осы бағытта болды.

Салтанат Тұрсынбекова дебатқа дайындық үстінде

Кандидат Салтанат Тұрсынбекова осы күнге дейін ол еліміздің 7 өңірін аралап, тұрғындармен кездесу өткізген болатын. Сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі таныстырып, басым бағыттарын талқылады. Қазір үміткердің республикалық штабы ертең өтетін дебатқа қызу дайындық үстінде. Өзге кандидаттардың сайлауалды бағдарламалары да талқыланып, халық тарапынан жиі қойылатын сұрақтар сараланып жатыр.

Назым Жанғазы, С.Тұрсынбекованың республикалық штаб жетекшісі:

Кездесулерде уақыттың 30 пайызы бағдарламаны айту мен түсіндірумен өтеді. Қалған 70 пайызы халықтың проблемаларын тыңдап, олардан кері байланыс алудамыз. Ертең кешкі сағат 20:00 тікелей эфирде «Хабар» арнасында дебат өтеді. Соған дайындалып жатырмыз. Кеше түнгі 11-ге дейін офиста болдық. Енді қалай өтетінін ертең көресіздер «Хабар» арнасынан.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу