Америка Құрама Штаттары Ресей жеңілгенге дейін Украинаға көмектесуді жалғастыра бермек. Мұны Киевке сапарында АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі Линда Томас-Гринфилд растады.
Ол президент Владимир Зеленскиймен жүздесіп, Вашингтонның Украинадағы жағдайы төмен адамдарды қолдауға 25 миллион доллар бөлетінін мәлімдеді. Ресей армиясы ракеталармен, дрондармен соққы беріп, Украинаның су және энергия жүйесінің айтарлықтай бөлігін істен шығарды.
Осыған байланысты америкалық дипломат алдағы қыста украиналықтардың жылусыз қалуына, аштыққа ұшырауына жол бермейтінін атап өтті. Зеленский болса, елдің шығысында Ресейге бір сантиметр жер бермейтінін ескертіп отыр.
Майдандағы жағдайға келсек, қазір Николаев облысындағы ресейліктер басып алған Снигиревка қаласы үшін шайқас жүріп жатыр. Бейресми мәліметтерге қарағанда, Украина армиясы қаланың солтүстігіне басып кірген. Снигиревка ресейліктер үшін Херсон облысы үшін ұрыста аса маңызды қорғаныс шебі болып саналады.
Арыстан Рысбек