Атырауда полипропилен өндіретін зауыт ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда полипропилен өндіретін зауыт ашылды

08.11.2022

Енді Теңіз кен орнының шикізаты өзімізде қайта өндіріледі. Бүгін Атырауда Мемлекет басшысы зауыттың ашылуына қатысты. Мұнайдан алынған газ тауар күйінде шығарылады. Бұл Қазақстанда қолға алынған тұңғыш жоба.

Атырау өндіретін, бірақ өңдемейтін өңір еді. Тонналаған мұнай игергенмен, бұйым жасауға қауқарсыз болатын. Тіпті, шылапшын шығаруға қажет шикізат шетелден жеткізілді. Ол олқылықтың енді орны толады. Әлемнің бес елінде ғана бар бірегей кәсіпорын Атырауда да ашылды.

Бұл жерде пропан полипропиленге айналады. Сырт көзге кәдімгі түйіршіктер. Бірақ, қолданыстағы көп зат онсыз жасалмайды. Тек ебін біліп, кәсіп көзіне айналдыру керек.

Данияр Тиесов, «Kazakhstan Petrochemical Industries INC» ЖШС басқарма төрағасы:

Бұл зауыттан шығатын өнім елде шағын және орта кәсіптің дамуына үлкен серпіліс береді. Өйткені, полипропиленнен тауар шығаратын өндіріс орындарын бүкіл облыс ашамыз десе де, сұранысты қамти аламыз. Өйткені, медициналық инеден бастап, тұрмыстық техникалар мен көлік бөлшектері, коммуналдық жабдықтар сынды көп тауар полимерден алынады.

Осы қарапайым заттардың өзі бізге сырттан келеді. Бұл зауыт сол импорттық өнімдерді ығыстыруға мүмкіндік бермек.

Түйіршіктер қапқа тез түседі. Бірақ, оған дейінгі процесс күрделі. Іргедегі теңіз кен орнынан мұнай игеріліп, одан газ алынады. Ал, газдың пропаны полипропиленге айналады. Яғни, шикізат тұңғыш рет тауар күйінде тарап отыр. Осыған дейін сырттан тасымалданған өнім, енді керісінше Түркия, Қытай, Еуропа нарығын жауламақ. Зауыттың жылдық қуаты 500 мың полипропилен.

Бұл біздің ел үшін жаңа кәсіп. Сондықтан, тың технологияның тілін меңгеру міндеті тұр. Ұжымның 99 пайызы қазақстандық. Атыраудың негізгі табыс көзі мұнай. Бірақ, экономиканы әртараптандыруға бетбұрыс керек. Мемлекет басшысы мұны ұдайы айтып келеді. Бұл сол міндетті орындауға жасалған батыл қадамның бірі.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу