Шахтадағы апатта басынан қатты жарақат алған екі азаматтың халі ауыр. Оларға шұғыл ота жасалады. Тағы екеуінің жағдайы тұрақты. Бұл туралы қарағандылық дәрігерлер айтты. Денсаулығына зақым келген 4 кенші ауруханаға жеткізілгенін бұған дейін хабарлаған едік.
Бүгін Ленин атындағы шахтада апат болып 5 кенші көз жұмды. 830 метр тереңдікте жүргізілген құтқару жұмыстарына 6 бригада, жалпы саны 35 адам қатысқан. Олар алдымен үш кеншінің, сосын тағы бірінің мәйітін тапқан. Біршама іздестіру жұмыстарынан кейін 5-ші кеншінің денесін жер бетіне шығарған.
Мамандардың сөзінше, газды дренаждау скважинасын бұрғылау кезінде дүмпу болып, ауаға метан газы тараған. Оқыс оқиға кезінде барлығы 106 адам жұмыста жүрген.
Жұмат Өкенов, «Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару» ЖШС ҚОФ директорының орынбасары:
Әр жерде екі құтқарушыдан жұмыс істеді. Тағы бір адам барлық жұмысты басқарды. Оқиға орнына жеткенде бірден үш адамның денесі табылды. Біраз уақыттан кейін екінші аумақтан төртінші адам анықталды. Ал бесіншісін таңертең таптық. Оқиға кенеттен болғандықтан, кеншілер өзін-өзі құтқара алмаған. Тіпті қауіпсіздік құралдарын қолданып үлгермеген.
Руслан Нұрланұлы