Шымкентте 500-ден астам азаматтың талап-тілегі тыңдалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 500-ден астам азаматтың талап-тілегі тыңдалды

02.11.2022

Әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтетін Шымкент қаласы әкімінің қоғамдық қабылдауы бүгін өзгеше форматта ұйымдастырылды. Тұрғындармен қызмет кабинетінде емес Мәдениет сарайында кездескен шаһар басшысы әкімдікке қарасты барлық саланың жетекшілерімен әрбір тұрғынның мәселесін жеке тыңдап, оны шешу жолдарын қарастырды.

Арал Жауылбаев автокөлік жөндеу шеберханасын ашқысы келеді. Осы мақсатпен былтыр кәсіпкерлік курсында оқып, арнайы сертификат алған. Бірақ мемлекеттен берілетін қаржылай грантқа қол жеткізе алмай келеді. Бүгін қала әкіміне осы қиындықтарды айтып, мәселесін шешіп беруін сұранды.

Арал Жауылбаев, қала тұрғыны:

Әдетте әкімнің алдына кіре алмаймыз ғой. Бүгін жиналыс жасады. Осының арқасында көзбе-көз тірлігімізді шешіп, сұрағыма жауап таптым.

Түрлі концерттер мен шығармашылық кештер өтетін «Түркістан» сарайының сахнасы бүгін атқарушы биліктің барлық тармағы мен құқық қорғау қызметін біріктірген үлкен кеңсеге айналды. 200-ге тарта азамат сауалдары мен проблемаларын тиісті сала басшыларына тікелей айтуға мүмкіндік алды. Айтылып жатқан мәселелердің дені әлеуметтік салаға қатысты. Араларында құқық қорғаушылардан әділдік іздеп келгендер де бар.

Ержан Марат, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары:

Карточка ресми түрде тіркеледі «E-otinish» базасына. Оның заңды шешімін бақылап, қадағалап, соңына дейін жеткіземіз. 15 күннің ішінде қарауға тырысамыз. Ерекше жағдайларда қосымша тексеру керек болса 1 айға дейін соза аламыз.

Атқарушы билік өкілдері құқық қорғау қызметкерлерімен бірге екі күннің ішінде мұқтаждығын айтқан 500-ден астам азаматтың талап-тілегін тыңдады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы шара тағы екі күнге жалғаспақ.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу