Донор тапшы: Заңға өзгерту енгізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Донор тапшы: Заңға өзгерту енгізілмек

27.10.2022

Егер азамат көзі тірісінде ағза беру туралы келісімін берсе, қайтыс болғаннан кейін туыстарының рұқсаты талап етілмеуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңнамаға өзгерту енгізуді қарастырып отыр. Осы уақытқа дейін «Egov» порталы арқылы 18 мың адам ағза донорлығы бойынша келісім беру немесе бас тарту жөнінде шешім қабылдаған.

Сәбинаның екі жылдан бері қос бүйрегі семіп қалған. Қаршадай қыздың тағдыры қыл үстінде. Диализге тәуелді. Әр бес сағат сайын аппаратқа байланады. Донор күтіп жүр.

Тишкен Шүлтебаева, Қарағанды облысының тұрғыны:
Астанада донорда тіркеудеміз. Бірақ әлі хабар жоқ. Екі жылдай болды міне. Барлық үмітіміз сол донорлықта.

Қазақстанда Сәбина сияқты донор күткен науқастардың саны 3 жарым мыңнан асады. Ал елімізде жылына небәрі 100-ге жуық операция жасалады. Өйткені, орган тапшы.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Елімізде 3183 адамға бүйрек, 175 адамға бауыр, 152 адамға жүрек, 16 адамға өкпе ауыстыру қажет. Трансплантология саласы қарқынды дамығанмен, донор аз. Кезегін күте алмай былтыр 320, биыл 200-дей науқастың демі таусылды.
Мэлс Асықпаев, Хирург-трансплантолог:
Транспалнтацияға мұқтаж азаматтардың саны артып келеді. Өткен жылы 3000 болса, биыл 3200-3300. 95 тіпті 98 пайыз, туыстық трансплантация, 2 пайыз ғана мәйіттік трансплантация. Ал шетелде керісінше. 90-95 пайызы мәйіттік донорлықтан алынады. 5-10 пайызы туыстарынан алынады.

2020 жылдан бері ағза донорлығы бойынша келісім яки кеілспеушілік жөнінде шешім қабылдауға мүмкіндік берілді. Содан бері «Egov»-та тіркелген 18 мың адамның тек 1 мыңы ғана қайтыс болғаннан кейін орган беруге келісімін білдірген. Бірақ, келешекте, олардың отбасы мен туыстары тарапы қарсы болса қайтпек керек. Мәселен былтыр, қайтыс болған 28 адамға бас ми өлімі диагнозы қойылғанымен, 18-нің туыстары ағзасын алуға қарсы шыққан. Министрлік енді осы мәселені заң арқылы реттемек.

Мақсат Досханов, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы бауыр трансплантациясы бөлімшесінің меңгерушісі:
Тірі кезіндегі көзқарасы басқаша болады, туысқандарынікі басқаша болады. Он шақты туысы болса әрқайсысынікі басқаша болады. Соған байланысты осы бағыт қазір терең қарастырылып жатыр. Мүмкін ол бағыт алынып тасталады, мүмкін ол бағыт өзгеруі мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігі осы сұрақты қоғам талқысына салып, заңнамаға өзгерту енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Елдегі 18-ге толған, дені сау, кез-келген азамат донор бола алады. Ол үшін «Egov» порталы арқылы электронды түрде немесе емханаға барып келісімін береді яки бас тартады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу