Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында балалардың құқын қорғау басқармасы ашылады

Жамбыл облысында балалардың құқын қорғау басқармасы ашылады

Жамбыл облысындағы оқушылар өлімінен кейін өңірде «Балалардың құқын қорғау басқармасы» ашылуы мүмкін. Қайғылы жағдайларға қатысты Оқу-ағарту министрі кеңес өткізіп, жергілікті билік өкілдеріне балалар қауіпсіздігіне арналған кешенді бағдарлама енгізуді тапсырды. Сондай-ақ министр педагог-психологтардың санын көбейтуді, психологиялық қолдау орталығының және қамқоршылық органдарының қызметін күшейту керектігін атап өтті.

Ал «Өркен» институты мен «Өрлеу» ұлттық орталығына өңір ұстаздарының кәсіби деңгейін көтеру үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру міндеттелді. Жиында Балалардың құқын қорғау комитетінің төрағасы Жамбылдағы білім беру саласын сынға алды. Айтуынша, мектеп ішінде, мектептен тыс ортада да алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілмейді. Әсіресе психологиялық-педагогикалық қолдау жеткіліксіз. Әлеуметтік педагогтердің жұмысы сылбыр екені де айтылды. Ал 29 қыркүйектен бастап өңірге Республикалық ведомствоаралық мониторингтік топ жіберіледі. Олар кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және азайтуға бағытталған нақты іс-шаралары бар жергілікті Жол картасын әзірлемек. Еске салайық, кеше Таразда №47 мектептің 9 сынып оқушысы өз қатарласын дәретханаға кіргізіп, кеуде тұсынан ұрған. Салдарынан оқушы қайтыс болды. Ал Шу ауданы Көкқайнар ауылында футболдан кейінгі жанжалдан 10-шы сынып оқушысы көз жұмды.


Бөлісу