Түркістан облысында 585 пәтер бес жылдан бері қаңырап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 585 пәтер бес жылдан бері қаңырап тұр

27.10.2022

Түркістан облысы Сарыағаш қаласында 5 миллиард теңгеге салынған 13 көп қабатты үй бес жылдан бері қаңырап бос тұр. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған баспаналар шаһарда кәріз жүйесі болмағандықтан пайдалануға берілмей келеді.

Ділназаның пәтерден пәтерге көшіп жүргеніне 10 жылға таяды. Күніне 3-4 сағат жалдамалы жұмыс істейді, қалған уақытта балаларының қасында болуға мәжбүр. Өйткені бес баланың үшеуі әлі жас, балабақшада. Мемлекеттен берілетін баспанадан үмітті болғанымен кезегі келетін емес.

Ділназа Халматова, көпбалалы ана:

Жәрдемақы түседі, соны пәтерге берем. Ертең міне суық түсті жылу қосамыз. Ол кезде мен көшеге шығып істеуім керек. Енді кезекке тұрғанымын. Бірақ ол қашан беріледі, Құдай біледі.

Сарыағаш ауданында Ділназа секілді баспана кезегін күткен 4 жарым мың адам бар. Барлығы да шаһар шетінен зәулім үйлер бой көтергенде мұраттары орындалатын күнді асығып күткен-ді. Енді ол алыстап барады.

Наргиза Құдайбергенова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

Кепілдік мерзімі 5 жылға берілген деп өздері де айтқан. Әже мерзімі өтіп кетті. Ертең бұл үй бізге берілген күнде де кім жауап береді? Әртүрлі жағдай болуы мүмкін ғой жаңа үйде.

Көпқабатты тұрғын үйлердегі 585 пәтердің есігіне құлып ілінгелі 5 жылға таяды. Содан бері үйлерді қарауылдаған күзетшіден өзге ешкім аяқ басқан емес.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Сәулетімен көз тартқан қалашық қазір көшкен елдің жұртындай. Көпқабатты тұрғын үйлер ел қоныстанбай жатып тозып барады. Аулаларды шөп басып, шатырының етегін жел көтеріп тұр.

Тұрғын үйлердің берілмеуінің басты себебі-кәріз жүйесінің жоқтығы. Былтыр шайынды су жүретін 9 насос станциясы салынды. Енді кәріз суын тазартатын нысан тұрғызу керек. Әкімдік оның құрылысы аяқталғанға дейін енді уақытша септик қазуды ұйғарды.

Мұрат Байғабылов, Сарығаш ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Септиктің жобасы толық аяқталып, 184 миллионға сараптамадан шыққан. Бүгін жеңімпаздарды анықтау жұмысы жүріп жатыр. Ол жұмыс бітсе келісімшартқа отырып, жыл соңына дейін немесе 2023 жылдың қаңтарында бітіріп тастаймыз деп ойлап отырмыз.

Бұл тығырықтан шығудың уақытша амалы ғана. Ал кәріз суын тазарту станциясын салуға 2 жарым миллиард теңгеге жуық қаржы қаралған. Оның құрылысы енді екі жылдан кейін аяқталмақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу