Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының үш ауылына табиғи газ қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының үш ауылына табиғи газ қосылды

26.10.2022

Республика күніне орай Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының үш ауылына табиғи газ қосылды. Әбіш, Еламан, Саралжын тұрғындарының көптен күткен қуанышы мереке күнімен тұспа-тұс келді. Ауданда көгілдір отынсыз отырған қалған 13 елді мекенге де газ құбырын тарту басталды. Ал Бәйтерек ауданының Щапов ауылында 420 орындық мектеп ашылды. Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің жаңа ғимаратын салуға ел қазынасынан 1 млрд-тан астам теңге қаржы бөлінген. Мұнда 435 оқушы білім алады. Оқу, смарт кабинеттер, шеберханалар, мәдениет пен спорт, оқу залдары, кітапхана мен асханасы бар.

Жазира Жұбанова, мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары:

Осындай ғимараттың біздің ауылымызда ашылғанына өте қуаныштымын. Көп еңбектендік, осындай үлкен қуанышты сәтке жеттік. Енді оқушыларымыз үлкен, кең ғимаратта білім алатынына қуанамыз.

Ал Оралда бұрынғы апатты үй тұрғындарына жаңа пәтер кілттері табыс етілді. Реновация бағдарламасы аясында салынған үй мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасымен жүзеге асты. Сондай-ақ бүл күні шаһарда бірнеше тұрғын үйлердің қайта салынып, абаттандырылған аулалары тапсырылды. Ойын және спорт алаңқайлары жасалып, кіреберіс жол төселіп, жарық қойылған.

Жандос Дүйсенғалиев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

2021 жылдан бастап қалада кешенді абаттандыру жұмысын бастаған болатынбыз. Былтыр барлық ауланы ішкі орам жолдарын асфальттадық. Жұмыстар осы жылы әлі жүргізілуде. 29 ауланың барлығын қарашаның ортасына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу