Тәуелсіздік күніне орай бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік күніне орай бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды

23.10.2022

«Кейде «Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады» деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі. Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті». Республика күні қарсаңында мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде Президент Қ. Тоқаев осылай деді. Биыл еліміздің ең жоғарғы «Халық қаһарманы» атағы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қайырбек Сүлейменовке берілді. Ал «Еңбек Ері» атағы екі азаматқа бұйырды. Бірі агрохолдингтің бас директоры Владимир Розметов, екіншісі көрнекті қаламгер Дулат Исабеков. Сексенге келген жазушы Республика мен Тәуелсіздік күндерінің аражігін ажырату дұрыс шешім болғанын айтты.

Дулат Исабеков, жазушы:
Баяғы 80 жылдың қасіретті күнін қасиетті күнге айналдыру, сіздің қолыңыздан келді. Бұл көпшіліктің көкейінде жүрген нәрсе еді. Ана жақта алаңда гүл қойып, қасірет шегіп жатамыз ал мына жақта Ақордада бұрыннан бастап тойлап жатамыз сол күнді. Міне осы екеуінің шекарасын бөліп тастағаныңыз көптің көкейінде жүрген бір арман еді.

«Отан», «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендері мемлекеттік қызметте, өнер мен білім саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға табысталды. Марапат алғандардың арасында бейбіт күннің батырлары да бар. Әйелді өлімнен арашалап қалған Райымбек Медетбек пен терезеден құлауға шақ қалған сәбиді құтқарған Сәбит Шонтақбаев «Ерен ерлігі үшін» медаліне ие болды. Шаруа, слесарь, токарь секілді еңбек адамдары да Президент қолынан награда алды. Сондай-ақ бір топ азамат Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Республика күні 13 жылдан кейін мемлекеттік мереке санатына қайта енгізілді. 1990 жылғы қазанның 25-інде Жоғарғы кеңес депутаттары Егемендік туралы декларация қабылдағаны белгілі. Осы декларацияның арқасында кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды қабылдауға қадам бастық.

Үнзила Шапақ, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі:
Тарихта кездеседі. Білесіздер АҚШ-та да бірінші декларация жарияланды. Франция мемлекетінде үлкен ревалюция жүзеге асқаннан кейін бүкіл халық билікті өзінің қолына алдық, біз жекелендік дегенді жариялаудың ең бір дербес жолы бұл деларативті түрде өзінің декларациясын жариялап, өзінің мемлекетінің егемендігін жариялау, бұл арқылы көрші мемлекеттер де мойындай бастау керек.
Нұрлан Оразалин, Ақын, мемлекет және қоғам қайраткері:
Әр бапта сыртқы елдермен қарым-қатынас қалай болу керек, қарулы күштер қалай болу керек, жерге деген меншік қалай болу керек, елдіктің бүкіл атрибуттары соның бәрі осы декларация үлгісінде талқыға түсті.

Азаттыққа арқау болған осы бір құнды құжат туралы «Бас декларация» атты деректі фильмді мереке күні Ұлтық арнадан көре аласыздар.


Хабарламаларға жазылу