Ресей – Қазақстан: Еуразия төріндегі одақ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин бүгін мемлекеттік сапармен келетіні белгілі. Сол сапар алдында Ресей басшысы қазақстандық баспасөз беттеріне арнап көлемді мақала жариялады.
Бұл мақаланың негізгі мәні татулы пен достықта жатыр. Ресей басшысы тарихтан бастау алып, ұзақ жылдарға созылған стратегиялық серіктестіктің сан қырына тоқталған. Мақаланың өне бойында және сөз басында қуатты Қазақстанға деген құрметтің бояуы қанық жазылған.
Біздің қуатты әрі өсіп-өркендеу жолына түскен Қазақстанға деген құрметіміз ерекше. Елдеріңіздің экономикасы қарқынды дамып жатыр. Халық жаппай қолдаған тиімді саяси жүйе қалыптасты. Күні кеше Қазақстанда заман талабына сай келетін, елдің келешегін айқындайтын жаңа Конституция қабылданды. Республика азаматтарының басым көпшілігі осы құжатты қолдап дауыс берді. Сол арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік институттарды нығайту, елді жан-жақты жаңғырту және әлеуметтік-экономикалық, рухани тұрғыдан дамыту жолындағы бастамаларын қолдайтынын көрсетті. Осы ауқымды реформаның бәрі табысты жүзеге асырылып, мемлекетті күшейтуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді деп сенемін.
Автор әріптесі жайлы бірнеше мәрте достық пейілін білдірді. Тіпті, әр кездесуде бүкпесіз сөйлесіп, нәтижелі шешімдер шығарып жатқандарын жазған. Одан әрі серіктестіктің сан сағасы түгенделеді. Сауда-саттық, инвестиция, өндіріс және энергетика саласында бірлесе атқарып жатқан жұмыс баяндалады. Ғарыш, экология, ғылым-білім саласында да жарқын мысалдар келтірілген. Қазір Ресей университеттерінде, соның ішінде Қазақстандағы сегіз филиалда 60 мыңнан астам қазақ студенті оқып жатыр екен. Келесі жылы квота саны тағы 800-ге артпақ.
Александр Сидорович, М. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалының директоры:
Мәскеулік университеттің қазақстандағы филиалына биыл 25 жы толып жатыр. Бұл филиалдың ашылуына Владимир Путин белсенді атсалысты. Қазір мұнда 720 студент білім алып жатыр. Біздің оқу орнына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін арнайы ғимарат берілетінін айтты. Қазір ол ғимарат жаңарып, жаңғыртылып жатыр. Бұл мерейтой қарсаңында біз үшін үлкен қуаныш.Былтыр Ресейде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Бұл – Ресейде бөлімшесін ашқан алғашқы шетелдік жоғары оқу орны екен. Мұны Владимир Путин ерекше атап өткен. Одан әрі ел арасындағы әр сапар, әр келіссөз өте нәтижелі өтетініне екпін салған . Өңірлік ынтымақтастық тетіктері сан түрлі ұйым форматында одан әрі нығайып жатқаны жазылды. Сөз соңында ресей басшысы алдағы сапар екі ел арасындағы достық пен серіктестікті одан әрі күшейтетіне сенім білдірген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы