Брест қамалын қорғауға қатысқан 637 қазақстандықтың аты-жөні анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брест қамалын қорғауға қатысқан 637 қазақстандықтың аты-жөні анықталды

19.10.2022

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Брест қамалын қорғауға қатысқан 637 қазақстандықтың аты-жөні анықталды. Қала шебін қорғауға қатысқан жерлестеріміздің аты-жөні бұған дейін белгісіз болған. 50 жылдан аса уақыт бекіністің тарихын зерттеп жүрген ғалым Ләйла Ахметованың сөзінше, соғыс басталғанда бекіністі 7 мыңнан аса әскер қорғаған. Олардың жетіден бір бөлігі қазақстандық жауынгерлер.

Профессор олардың басым бөлігінің аты-жөнін, соғысқа қай өңірден барғанын анықтап, толық тізімін жариялады. Бұған дейін қамал алған қазақстандықтар жайлы фильмдер мен кітаптарда толық айтылмай келген. Сондай-ақ, мұрағаттарды ақтарып, зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде тарихшы аға сержант Матқали Дәуренбаевтың газет беттеріне жарияланған 45 мақаласын тапқан. Автордың жазбалары тың деректерді ашуға, жауынгерлер туралы ақпарат жинауға сеп болған. Кейін материалдарды жинастырып, кітап басып шығарған. Оқу құралында соғыс алдындағы кезең алғаш рет баяндалады.

Ләйла Ахметова, тарих ғылымдарының докторы:

Соғыс кезінде қалам тербеген жазушыларды біз білеміз. Ал, Матқали Дәуренбаевті 1939 бен 1941 жыл аралығындағы оқиғаларды жазған Кеңес Одағынан шыққан тұңғыш әскери журналист деп айтуға болады. Өкінішке орай, ұрыс басталған бірінші күннен бері ол кісі туралы ешбір дерек жоқ. Еш жерден таппадым. Қазір жауынгердің еңбектері Ресей, Белоруссия ғалымдарының жұмыстарына арқау болып отыр. Былтыр туыстары табылды.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу