Шымкентте өнердің сан түрін меңгерген 6 жан бір шаңырақта тұрады. Болатбек Бейісбековтің өзі мен жұбайынан бастап ұл-қыздары және келініне дейін суретші. Қолөнер бұйымдарын жасаудың хас шебері. Жүннен киім тоқып, бұйым жасайды. Сурет салады, ер-тұрман соғады. Өнерлі отбасы бүгінде өз шаңырағын көркемсурет галлереясына айналдырған.
Болатбек Бейісбеков кезекті туындысын аяқтауға жақын. Ата-баба өнеріне құрмет ретінде майлы бояумен қазақ қолөнерінің жиынтығын кенеп бетіне түсіруде. Қиялы ұшқыр шебердің дүниесі ұлттық таным тереңіне бастайды.
Болатбек Бейісбеков, Суретшілер және қолөнер шеберлері одағының мүшесі:
Қазақтың 12 өнерінің түрі. ең алдымен текемет жүннен иіріп, кілем оқыған, зергерлікпен айналысқан, қыш өнері, сүйекпен жасаған.
Текемет кейінгі кезде төсеніш болудан қалып бара жатқанымен есесіне жүн қазіргі заманға сай сәндік бұйымдар жасауда таптырмас дүниеге айналып отыр. Шеберлер одан мынадай кәдесыйлар, менің үстімдегідей ұлттық киімдер, аяқ киім, тіпті шаңарыққа шуақ сыйлайтын мынадай кескіндеме мен портреттер жасауға дейін меңгерген.
Отбасының анасы Күләш та кәсіби суретші. Кілем тоқып, жүннен түрлі бұйымдар жасайды.Қолынан шыққан заттары айырықша өрнегімен, нақышты бедерімен ерек. Ою-өрнектің айшықты көрінуіне барын салады. Мұндайда қолданыстан шығып қалған кейбір ұлттық бұйымдардың өзі бүгінгі күнге сай сәнді де, жарасымды дүние боп шыға келеді.
Күләш Айдарбекова, қолөнер шебері:
Қазіргі таңда жаңа технологиямен кез-келген нәрсені сабын арқылы басып шығарамыз.Инемен суретін саламыз. сабынмен басып шығара береміз кез-келгенін.
Отбасының келіні ежелгі тоқыма өнерін жаңғыртып, түйенің жүнінен мата тоқып жатыр. Одан бірнеше шекпен тігіп те үлгерді. Ал шебердің ұлы Берік былғары шебері. Ер-тұрман шауып, ат әбзелдері мен белдік, кісе тігуге машықтанған.
Берік Бейісбеков, былғары шебері:
Кейбір кезде менің өз ойым болады, бірақ сыртқы жақтан да ойлар керек. Маған ұнаған нәрсе басқаларға ұнамайды ғой. Бір отбасы болған соң өз ойын айтады. Ол керемет.
Өнерлі отбасының немерелері де үлкендердің жолын қуған өрендер. Олардың үшеуі өнер және көркемсурет оқу орындарында білім алып жатса, мектепте оқитын кішілерінің өзі ерекше туындыларымен көпті тәнті етіп жүр.
Ғани Қалмаханов