Қазақстанда 11 мың шақырым жол ақылы болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 11 мың шақырым жол ақылы болады

17.10.2022

Елімізде болашақта 11 мың шақырым жол ақылы болады. Бірден емес, әрине, кезең-кезеңімен жүзеге асады. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі айтты. Тағы бір жаңалық - жыл соңына дейін шамамен 1 мың шақырым жол пайдалануға беріледі. Олардың қатарында: «Талдықорған - Өскемен», «Қалбатау - Майқапшағай», «Үшарал - Достық» бағыттары бар. 

Алдағы 3 жылда нормативке сай республикалық жолдардың үлесі 100 пайызға жеткізіледі. Ал жергілікті жердегі жолдардың үлесі 95 пайыз болады. Қазір елімізде жолға қатысты 1 200-ден астам стандарт мен норматив бекітілген. Арасында Кеңес Одағы кезінен пайдаланылып келе жатқан 17 құжат бар. Алдағы 3 жылда кезең-кезеңімен енгізілетін талаптар 70-ке жуық құжатпен бекітіледі.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Дизайн климаттық аймақтар мен қозғалыс қарқындылығы тұрғысынан әр аймақтың температуралық сипаттамаларын ескереді. Бұл суперпейв технологиясы деп аталатын өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Суперпейв технологиясында 10-15 климаттық аймақ ескеріледі. Әр өңір үшін асфальтбетон қоспаларының, битумның, қиыршық тастың жекелеген құрамдары қалыптастырылатын болады.

Қазір ақылы жолдардың ұзындығы 2 мың шақырымнан асады. Жеңіл автокөліктер үшін – 1 шақырым 1 теңге, жүк көліктерге 25 теңге. 2025 жылға дейін елімізде 11 мың шақырым жол ақылы болады. Ол кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Олар «Қызылорда - Арал», «Ақтөбе - Орал», «Ақтөбе - Орынбор», «Қайнар - Бішкек», «Жетібай - Шетпе - Бейнеу - Ақжігіт», «Павлодар - Семей», Астана қаласының Солтүстік айналма жолы, «Орал - Саратов», «Көкшетау - Петропавл», «Астана - Атбасар», «Павлодар - Омбы», «Семей - Қалбатау» бағытындағы жолдар.

Жол салу бір бөлек, ондағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бір бөлек әңгіме. Қазір апаттардың 4 пайызы жолда жайылған малдардың салдарынан болады. Мұндай оқиғалар барлық өңірлерге тән. Сондықтан жолдарды қоршау жұмыстарын ширату қажет.

Ғани Ташқараев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Шымкент пен Түркістан араларында қазір көп оқиға болып жатыр. Ол оқиға сол малдың жолға шығып кетуі. Жобада жолдың бойында қоршау бар ма? Бар болса, осы мәселе бойынша не айтасыз?

Қазір 1 мың шақырым жол қоршалған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады. Тек бір әттеген-айы - жақын маңдағы елдімекеннің тұрғындары оларды бұзып әкетіп жатыр.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Сеткорябицадан бастап едік оны жергілікті кісілір алып кететін болды. Қазір басқа технологияларды қолданып жатырмыз. Кішігірім қоршау секілді жасайық десек түйе, жылқы басып өтеді. Рамка секілді жасаған, ол да ұнамай жатыр маған. Қазір көреміз қандай тағы мүмкіндіктер барын.

Сапа – кадрға байланысты. Қазір жол саласы білікті мамандарға аса мұқтаж. Депутаттар бұған да назар аударды. Мұны Оқу-ағарту мен Ғылым және жоғары білім министрліктермен бірлесе шешу маңызды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Автомобиль жолдары арнайы мамандығын ашу қажет. Оның аясында автомобиль жолдарын жобалау, жолдарды салу, жолдарды пайдалану және жолдың қозғалысын ұйымдастыруға қатысты жаңа білім беру стандартын әзірлеу бүгінгі таңда кезек күтірмейтін мәселе екенін атап өтеміз.

Министрдің сөзінше, жыл соңына дейін шамамен 1 мың шақырым жол пайдалануға беріледі. Ал қалған 3 мың шақырым жол 2023 жылы аяқталады. Ең ұзақ жолдардың бірі - шығыста. Аймақта ұзындығы 1 300 шақырымнан астатын 3 ірі жоба іске асырылып жатыр. Олардың арасында «Талдықорған - Өскемен», «Қалбатау - Майқапшағай», «Үшарал - Достық» жолдары бар. Келесі жылы барлық осы учаскелер бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу