Иранда саяси тұтқындар отырған «Эвин» түрмесінде болған өрттен 4 адам қаза тауып, 61-і жараланды. Бұл - Ислам Республикасы билігінің ресми мәліметі. Дегенмен, «Би-Би-Си» агенттігінің хабарлауынша, марқұмдардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Ауруханаға түскендер арасында ауыр халде жатқандары бар. Қамау мекемесіндегі өрт неден тұтанғаны белгісіз. Иранның мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, өрт түрмедегі тігін цехындағы төбелестен кейін басталса керек. Алайда, мұны жоққа шығаратын мәліметтер де кездеседі. Қазір өрт сөндіріліп, түрмедегі жағдай бақылауға алынды. Бұл оқиға Иранда бірнеше апта бойы тоқтамай жатқан шерулермен тұспа-тұс келді. Бейресми мәліметтерге қарағанда, «Эвин» түрмесінде осы наразылық акциялары кезінде ұсталған адамдар да қамауда отыр. Ал Иран президенті Ибрахим Раиси елде болып жатқан тәртіпсіздіктер мен хаосқа АҚШ-ты айыптады. Раиси «Америка Иранда қиындықтардың туындағанына қуанады» деп мәлімдеді.
Арай Төлеген