Катар әмірінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Таяу Шығысқа терезе ашылғалы тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Катар әмірінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Таяу Шығысқа терезе ашылғалы тұр

16.10.2022

Украинадағы соғыс пен Ресейге салынған санкциялар тұтас құрлықты тығырыққа тіреді. Қазір Орталық Азиядағы елдер, оның ішінде бірінші кезекте Қазақстан мұнай-газ және жүк тасымалы бойынша балама жолды қалыптастыруға мүдделі. Сондықтан осы жолғы саяси аптаның салмағы зор. Өйткені Астанада Азия кеңесінің саммитінде бас қосқан бірнеше мемлекет басшыларымен бөлек кездесіп, бұған дейінгі келісімдерді пысықтауға мүмкіндік туды.

Мәселен, Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен Қасым-Жомарт Тоқаев «орта дәлізді» дамыту мәселесін талқылады.

Қытай мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық бағыты Қазақстан, Әзербайжан, Грузия мен Түркия арқылы өтіп, Болгария, Румыния, Мажарстанға және ЕуроОдақтың өзге елдеріне апарады. Каспий мен Қара теңіздерді кесіп өтетін жол – Қытай-Қазақстан-Ресей-Беларусь-Польша-Германия арқылы өтетін «Солтүстік дәлізге» балама бағыт.

Көктемнің өзінде даниялық Maersk пен финдердің Nurminen Logistics компаниялары Қытайға апаратын қазақ темір жолына ауысқан еді. Ал маусымда Бакуде өткен Қазақстан, Әзербайжан мен Түркия Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде осы бағытты дамыту үшін инвестиция құю мәселесі талқыланды.

Яғни, түркі тілдес елдер экономикалық байланысты кеңейте бермек. Ал Катар әмірінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Таяу Шығысқа да терезе ашылғалы тұр. Астанада өткен келіссөздердің экономикалық әсерін Оңғар Алпысбайұлы саралайды.

Қазақстанның сыртқы саудадағы негізгі серіктестерінің бірі – Ресей. 2021 жылғы алыс-берістің 24 пайызы осы елдің үлесінде. Биыл бірақ санкциялардың салдарынан Ресей арқылы импортталатын және сыртқа сатылатын тауар түрлері күрт қысқарды.

Мақсат Халық, экономист:

Жақында ғана Standard & Poor's рейтинг агенттігі Қазақстанның инвестициялық рейтингін төмендеткен болатын. Оның өзі Қазақстан өзінің өнімін әлемге экспорттауда қиындықтар көріп отырғандығы болады деп айтқан. Егер де Қазақстан жаңа альтернативті маршруттар таба алмаса онда әрі қарай инвестициялық рейтингі түсе береді деген мәселе айтылған.

Алайда, Қазақстанға қаржы құйуға дайын инвесторлар бар. Осы аптада Қатар шейхы Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің мемлекеттік сапары кезінде сауда айналымын 3 тен 70 млн долларға дейін көтеруге мүмкіндік беретін 12 келісімге қол қойылды. Ет, сүт өнімдерінен бастап азық-түліктің түр-түрі Қатарға экспортталмақ. Ал ол жақтың қалталы бизнесмендері Қазақстанда зауыт-фабрикалар салуға ниетті.

Берік Манасов, ҚР АШМ Халықаралық ынтымақтастық және инвестиция тарту департаментінің директоры:

Жамбыл облысында құс фабрикалары және Алматы облысында сүт фермалары бойынша. Бұл инвестициялық жобалар іске асатын болса жаңа жұмыс орындары, ішкі өнімді үлкейту, және де тауарды сыртқа шығару, экспортты көбейту сияқты сұрақтарды жабады.

Түркиямен арадағы байланыс та пандемиядан соң қайда жанданып келеді. Осы жолы Ердоғанның мемлекеттік сапары кезінде екі ел үкіметі 6 сала бойынша байланысты құжатпен бекітті. Ал, 5 ай бұрын Тоқаев бастаған қазақ делегациясы түркияға барғанда 14 құжатқа қол қойылған еді. Бүгінде олар жүзеге асырылып та жатыр.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

3 Түрік компаниясы қызығушылық танытып отыр. Никель бойынша тағы да басқалары бойынша.

Ресей тек Қазақстанға ғана емес жалпы Азияның көптеген еліне тауар жеткізуші хаб болғаны белгілі. Сондықтан, жаңа, балама бағыттар іздеуге шығыс та, батыс та мүдделі. Осы аптада Қазақстанға келген барлық елдің өкілімен талқыланған басты тақырып та осы болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаһандық логистикалық тізбектердің үзілуі тиімді көлік-транзит дәліздерін қалыптастыруды талап етеді. Жүк тасымалының оңтайлы әрі қолжетімді жолдары – экономикамыздың тұрақты өсімінің маңызды факторы. Коммуникация мен жүктерді жеткізудің әртараптандырылған бағыттарын пысықтау арқылы көлік-транзит әлеуетін жүзеге асыруға баса мән беру маңызды.

Шығыс пен батысты байланыстыратын негіз гі дәліз ретінде транскаспий бағыты зерттеліп жатыр. Бұл бастаманы дұрыс ретке келтіре алсақ сыртқы саудадан бөлек елдің транзиттік әлеуетін де еселеп арттыруға мүмкіндік тумақ.

Айбек Паяев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мысалы ол жерге үлкен үлкен паромдар салуға болады. Ол деген жүк айналымын да күшейтеміз. ақтауға дейін жеткізсек ары қарай мысалы Түркияға шығуға болады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

Түркия транзиттік жолдың бірі. Себебі перегрузка жоқ. Бірден теміржолмен барасың. Ақтау портқа барасың. Вагон барады бірден паромға мінеді. Паромнан түседі. Болды.

Каспий теңізі Еуропаға ғана емес Иран арқылы оңтүстіктегі елдерге де жол ашады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

Солар арқылы Персидский заливке өтуге болады. Онда өтсең алдымысда Пәкістан 200 млннан астам адам. Үндістан, бүкіл Азия, Мына жаңағы арабтардың мемлекеттері, Африка бар.

Ал оңтүстік-батыстағы көршіміз Түркменстанмен құрлықта да теңізде де шекарамыз бар. Бұл елдің саясаттағы ұстанымы томаға тұйық болғанымен Қазақстанмен қатынаста емен-жарқын. Екіжақты тауар айналымы 300 млн доллардан асады. Бұл мүмкіндіктің шегі емес. Түркмен басшысы Сердар Бердімұхамедовтің мемлекеттік сапары кезінде алыс берістің көлемін еселеп арттыратын 10 нан астам құжатқа қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің мақсатымыз – өзара сауда-саттық көлемін алдағы жылдары 500 миллион, одан әрі миллиард долларға жеткізу. Бұл үшін Тауар айналымын ұлғайту және жеткізілетін тауар номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмыс тобының қызметін жандандыруға тапсырма бердік. Екі елдің үкіметтері біздің тапсырмамыз бойынша осы мүмкіндіктерді қарастырады.

Түрікменстан – біздің ел үшін Иран мен Парсы шығанағына жол ашатын транзит. Экспортты көбейтудің маңыздылығы осында.

Ербол Қарашөкеев ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Түркіменстан Республикасының территориясы арқылы көршілес басқа да елдерге Афганистан, Иран болсын басқа елдерге шығару мүмкіндішіктерін қарастыру, инфраструктурасын дамыту.

Көп ұзамай түрікмен-ауған шекарасында бидай терминалы салынуы мүмкін. Қазақстан бидайын түрікмен нарығына эскпорттау жайы жан-жақты қарастырылды.

Ерұлан Жамаубаев ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі:

Түркменстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жібереміз. Және де мұнай-газ саласында қарым-қатынас бар. Және де өңделген өнімдер. Олардың тарапынан көп жағдайда бұл газ өнімдері және мұнай-химияға байланысты заттар.

эксонмистердің пікірінше, бұл балама жолдар қажеттіліктен қолға алынып отыр. Шаруа жүйеленіп, бір ізге түскенше ол тауар бағасына қатты әсер етуі мүмкін.

Мақсат Халық, экономист:

Иә ол қымбатшылыққа да алып келеді. Неге? Үйткені Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс жасаймыз. Оның баж салықтары да, кеден салықтары да бәрі төмен. Және де Ресейден немесе Қазақстаннан бір біріне тасымалданған тауарлардың бағасы да әлдеқайда арзан болатын.

Осылайша алдымен пандемия, кейін геосаяси жағдайдың шиеленісуінен болған кедергілерді еңсеру бүкіл әлем үшін оңай болмай тұр. Сондықтан осы аптада жасалған келісімдердің маңызы зор. Бастысы оларды уақытылы жүзеге асыру.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу