Ұлыбританиядағы жоғары оқу орындарында еңбек ететін мыңдаған жұмыскер шеруге шықты. Үкіметке наразылық білдіргендер дағдарыстың кесірінен қиындыққа тап болғандарын айтып, қызмет көрсету саласындағы мамандарға жалақыны көтеруді талап етуде.
Джордан Ли - Сити университетінде күзет қызметін басқарады. Білім ордасы әлемнің озық оқу орны болғанымен жұмысшыларына жарытып жалақы төлемейді, дейді ол. Пандемия кезінде бастарын қауіпке тігіп жұмыс істегенімен, күзетшілерді бағалап жатқан ешкім жоқ. Оның үстіне қымбатшылық қысып барады, билік әрекет етуі керек деп налиды.
Джордан ЛИ, Сити университеті қауіпсіздік қызметінің супервайзері:
Үкімет жұмысшылардың жағдайына мұқият назар аударуы керек. Қазіргі жүргізіліп жатқан саясат мүлдем сын көтермейді. Кедейшіліктің қамытын кидік. Егер билік шара қолданбаса, проблема күрделене бермек.
Наразы топ: күзетшілер, тазалыққа жауап беретін жұмысшылар, кітапханашылар мен және аспаздар. Кәсіподақ ұйымындағылардың айтуынша, олар жоғарғы білім беру саласында ең төмен айлық алады. Олар университет басшылығын әлеуметтік теңсіздік туралы біле тұра қол қусырып қарап отыр деп айыптайды.
Дэмиен Фреттсам, Сити университеті кәсіподақ ұйымының хатшысы:
Топ менеджмент пен қатардағы жұмысшылардың жалақысы жер мен көктей. Бұл әділетті деп есептемейміз. Инфляция деңгейі қазір шамамен 12 пайызды құрайды. Біз жалақымыздың кемінде 14 пайызға өскенін қалаймыз. Ал олар бар болғаны 3 пайызға көбейткісі келеді. Бұл дұрыс емес.
Әзірге бір де бір университет басшылығы келіссөздер орнатуға ниет білдірмеді. Ереуілшілер дегенімізге жетпейінше, наразылығымызды тоқтатпаймыз, тіпті болмаса басқа жұмыс іздейміз деп бекініп отыр.
Марина Бекенова