Басты Жаңалықтар Бүгін Елордада 11 елдің Президенті қауіпсіздік мәселесін талқылады

Бүгін Елордада 11 елдің Президенті қауіпсіздік мәселесін талқылады

Бүгін Елордада 11 елдің Президенті қауіпсіздік мәселесін талқылады. Тұрақтылыққа әлемде қатер төніп тұр. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 6- саммитіне келген делегат мүшелері күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Украинадағы жанжал да тасада қалмады. 

Астана алаңы. Алтыншы саммит. Таспаға түскен тарихи суретте 11 елдің Президенті. Олар жер шарындағы халықтың тең жарымын біріктіріп отырған кеңесте бас қосты.

Кеңестің қатары бүгін тағы бір елмен толықты. Кувейт мүшелікке енді. Құрамында енді 28 ел. Ал Түркіменстан әзірге бақылаушы.

Қауіпсіздік пен тұрақтылық. Төрткүл дүниенің тілегі осы. Жиналғандар Азия құрлығының қауіпсіздігіне алаң. Өйткені, аймақаралық, жергілікті шиеленістер жоқ емес, бар. Қауіп пен қатер қатар қабысып, күшейіп барады. Басқаны айтпағанда, осы кеңеске мүше елдер арасында да келіспеушілік көп. Үндістан мен Пәкістанның арасы салқын. Тәжікстан мен Қырғызстан, Палестина мен Израиль кикілжіңі тағы бар. Бұл диалог алаңы осыған дейін тіл табыса алмай келген қарсыластарға мүмкіндік.

Махмуд Аббас, Палестина президенті:
Палестина халқының басынан өткерген барлық қайғы-қасіретке қарамастан, біз екі мемлекеттің ұстанымдарына сүйене отырып, Израильмен келісімдер жасастық. Біз бұл келісімдерге берік боламыз.

Украина. Жанжалға бүкіл әлем алаң. Түркия басшысы қантөгісті тоқтатуға шақырды.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
Украинадағы дағдарыстың зардаптарын аймақтық және жаһандық ауқымда әлі де көріп отырмыз. Мен əрдайым əділ əлемге дипломатия арқылы жетуге болатынын айтамын. Соғыста жеңімпаз жоқ, әділетті әлемде жеңілген жоқ.

Ия, геосаяси шиеленіс бұрын-соңды болмаған жағдайға жетті. Әлем ауыр сынақты бастан өткеріп жатыр. Салдары ауыр. Жаһандық дамуды тежеп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Менің ойымша, алдымызда тұрған маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу. Көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды.

Алда кеңесті халықаралық ұйымға айналдыру міндеті тұр. Тоқаев ынтымақтастықты дамытудың бірнеше бағытын ұсынды. Алдымен – экономикалық өлшем. Қазір тасымал желілері тұйықталып тұр. Алыс-беріс қиындады. Жаңа жолдарын қарастыру керек деді, Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаһандық логистикалық тізбектердің үзілуі тиімді көлік-транзит дәліздерін қалыптастыруды талап етеді. Жүк тасымалының оңтайлы әрі қолжетімді жолдары – экономикамыздың тұрақты өсімінің маңызды факторы. Коммуникация мен жүктерді жеткізудің әртараптандырылған бағыттарын пысықтау арқылы көлік-транзит әлеуетін жүзеге асыруға баса мән беру маңызды.

Экология. Апат көп. Зардабы одан да көп. Климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға әкелуі мүмкін. Осылай деген Президент мәселені шешу үшін қомақты инвестиция тарту керегін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Азия үшін экономиканы көміртегінен арылту – өте өзекті мәселе. Бұл міндетті шешу үшін бұрын-соңды болмаған көлемде инвестиция керек. Кеңеске мүше елдердегі экология проблемалары бойынша 2024 жылы Астанада жоғары деңгейде конференция өткізуді ұсынамын.

Азық-түлік қауіпсіздігі. Жаһандағы маңызды мәселе. Аштықтан миллиондаған адам қырылудың алдында. Кеңеске мүше мемлекеттер арасында «жасыл дәліз» құру қажет. Президент ұсынысы бұл.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Азия әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үштен бірін өндіргенімен, бұл саладағы олқылықтардан әлі де толық арыла қойған жоқ. Біз маңызды өнімдердің ұлттық стандарттарға сәйкестігін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуіміз керек. Сондай-ақ тауарлардың бұл санаты үшін АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасында «жасыл дәліздер» ашуымыз қажет.

Ал Ресей басшысы ашаршылық пен әлеуметтік мәселелерді шешу үшін сауда-саттықты тежейтін экономикалық кедергілерді алып тастау керек деген пікірде.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
Бірінші қадам ретінде біз өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды белсендірек пайдалануды дұрыс деп есептейміз. Мұндай шаралар мемлекеттеріміздің қаржылық егемендігін нығайтуға, ішкі капитал нарықтарын дамытуға және аймақтық экономикалық интеграцияны тереңдетуге ықпал ететіні сөзсіз. Жалпы алғанда, кездесудегі бірлескен жұмыс жақсы дамып келе жатқанын айта аламын. Ресей осы кездесуге қатысқан барлық елдермен ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады. Біз төраға ретіндегі Қазақстанның бастамаларын қолдаймыз.

Бүгін кеңес жанынан арнайы қор құрылды. Жобаларды іріктеп, жүзеге асыру үшін қаражат жиналады. Ал екі жылдан кейін Астанада еріктілер көшбасшыларының слеті өтеді. Осылайша, жастарға басымдық берілмек. Қазақстан кеңеске алдағы 2 жыл тағы төрағалық етеді. Жиын соңында бірқатар құжат қабылданды. Олардың қатарында қауіпсіздік және терроризмге қарсы іс-қимыл туралы бірлескен бағдарлама бар.

Асима Нұрбайқызы

Бөлісу