Ертең Елордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтеді. Сарапшылар бұл шараны пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстанда ғана емес, жалпы континентте аса ауқымды сыртқы саяси оқиғалардың бірі деп бағалап отыр. Оған әлемнің бірқатар елінен 50-ге жуық делегация қатыспақ.
Жер бетіндегі халықтың 60 пайызы Азия құрлығында тұрады. Бұл кеңес ондағы елдердің түгелін дерлік қамтып отыр. 27 ел мүше. Жалпы, Азияда қарыштап дамыған да, артта қалып жатқан мемлекеттер де көп. Қақтығыс ошағына айналған аймақтар да жоқ емес. Террористік топтар тұншықтырып отырған өңірлер де қаншама. Әлемдегі ахуал күрделене түсуде. Жаһандық сын-қатерлерге төтеп берудің жалғыз жолы – тең құқықты ынтымақтастыққа негізделген ортақ шешімге келу.
Олжас Бейсенбай, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:
Соңғы 50 жылда болған әлемде экономикалық ең үлкен дағдарыс бұл. Стакфляция дейді. Стагнация мен инфляция екеуі қатар келіп отыр. Дағдару мен бағаның күрт өсуі. Соны біз осындай форумдар аясында талқылап, бірлесіп шешпесек, оны қазір жекелеген мемлекеттер қалай шешеді? Сондықтан бұл форум сол үшін керек деп ойлаймын.
Геосаяси ахуал, тұрақсыздық, санкция қыспағы, тасымал желілерінің тұйықталып қалған шағында жауабы аз сұрақ көбейді. Әлем интеграцияға иек артпаса болмайды. Бірақ, кеңеске мүше елдер арасында да түсінбеушілік бар. Индия мен Пәкістан, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы кикілжің әлі де күрделі. Ауғанстан мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Суға қатысты түйткілдер, есірткі қаупінен бөлек, қазір халықаралық миграцияға бүкіл әлем алаң. Сарапшылар ертеңгі саммитте осы мәселелер қаузалып, талқыланады деп болжап отыр. Сонымен қатар, кеңес үлкен ұйымға айналуы мүмкін.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
Біздің төрағалықтың басымдықтарының бірі – бұл диалог алаңды келешекте халықаралық ұйым ретінде ауыстыру болып табылады. Бұл бағытта жұмыс жалғастырып келеді. Енді алдағы саммитте делегация басшылары, мемлекет басшылары мәселені талқылап, сондай шешімге келеді деп үміттенеміз.
Кеңеске қатысушылардың саны алдағы уақытта тағы да артуы мүмкін. Бірнеше елден қызығушылық бар. Жалпы, ертеңгі 6-шы саммитте бірқатар құжаттар мен шешімдер қабылданады деп жоспарланып отыр.
Асима Нұрбайқызы