Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді

12.10.2022

Түркиямен арамыздағы тамыры тереңде жатқан тарихи байланыстарымызды айтпағанда, тәуелсіздік алған 30 жыл ішіндегі қарым-қатынасымызға сызат түскен емес. Қайта жыл өткен сайын туыстығымыз тереңдеп, бірлігіміз бекемделе түсті. Стратегиялық серіктес елге айналдық. Соңғы жылдары екі ел арасындағы сауда айнылымы тұрақты түрде өсіп келеді.

Әлемде геосаяси жағдай ушығып тұрған тұста  саяси-экономикалық байланыстардың маңызы ерекше. Қазақстанның сенімді серіктесі, әрі бауырлас түрік елімен қарым-қатынасымыз жылдан-жылға нығайып келеді. Араға бес ай салып Астанада жолыққалы отырған Президенттердің бұл басқосуы бүгінгідей қысылтаяң шақта екі ел ынтымағын одан әрі бекітудің бір қадамы.

Хасан Үнал, Саясаттану және халықаралық байланыстар жөніндегі саяси сарапшы, профессор:
Екі алып державаның ортасында тұрса да, бейбіт әрі жан-жақты саяси ұстанымы арқылы Қазақстан аймақтағы ең әлеуетті елге айналғанын білеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби дипломат болғандықтан барлық бастамаларын байыбына бара отырып, өте сауатты жасауда. Түркиямен Қазақстан тек сауда немесе мәдени бағытта ғана емес, әскери салада да ынтымақ орната бастауы екі ел үшін де пайдалы болары сөзсіз.

Сауда байланыстары екі елді біріктіретін маңызды фактор. Соңғы бес жылда Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы үнемі өсіп келеді. 

Мәселен, 2017 жылы сауда-саттық көлемі 1,8 млрд доларды құраса, 2021 жылы 5 млрд доллар болды. Ендігі меже алыс-берісті 10 млрд долларға жеткізу.

Огузхан Акиенер, Тепсам стратегиялық зерттеулер орталығының басшысы:
Қазақстан мен Түркияның экономикалық әлеуеті үлкен. Қай салада болсын байланысымыз жақсы дамып келеді. Екі ел кәсіпкерлерінің жұмыс істеуіне жағдай жасап, инвестицияға кедергі жасайтын факторларды алып тастасақ, тауар айналымы бірнеше есе артары сөзсіз. Мемлекет басшылары осыған көңіл бөледі деп ойлаймын.

Саяси-экономикалық байланыстардан бөлек екі елді жалғап тұрған тағы бір қылдан нәзік дәнекер бар. Ол Түркияға 70 жыл бұрын қоныс аударған қазақтар. Тағдыр талайымен Алтайдан үркіген жұртты түрік бауырлар құшақ жая қарсы алғанын ешкім ұмытпайды.

Ерол Йолжу, Түркияда тұратын қазақ:
Қазақ болғаннан кейін біз ешқашан көңілімізді үзген жоқпыз, қанша алыста болсақта. Қазақстандағы әртүрлі ұлттың күнделікті өзгерісі бізге де естіліп, көңілімізге әсер етеді.

Сондай-ақ Түркия бірнеше халықаралық ұйымдағы одақтасымыз. Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы сынды ұйымдарда ынтымағымыз бекем. Өзара татулық пен сенімді серіктестік жәй сөз емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқаны екі ел арасындағы байланыстың тамыры тереңдей түсетінінің кепілі.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу