Шымкент қаласы демографиялық өсіммен қатар атажұртқа қоныс аударған қандастарымыздың арқасында да ірі мегаполиске айналды. Осыдан оншақты жыл бұрын қазығы қағылған «Асар» шағын ауданына қазір жат жерде тіршілік кешкен 15 мыңнан астам қандасымыз қоныстанып үлгерді. Бір кездегі мидай жазық дала бүгінде көрікті қалашыққа айналған.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Бір кездері сағымданып жатқан сары далаға айналдырған он шақты жылдың ішінде 60-тан астам көрікті көше салынды. Оның жағлауынан замануи сәулетті үйлер бой көтерді. Қазір «Асарда» осындай 1 мың 700-ден астам тұрғын үй бар.
«Асардағы» әрбір күн ауыл билері мен көше басшыларының жиынынан басталады. Шағын ауданның тазалығы, кейбір отбасылардың мұқтаждығы, өзге де проблемаларды шешу жайы талқыланады.
«Асардағы» тұрғын үйлердің бір ерекшелігі әр аулаға баспанамен бірге аумағы 3 жүздік болатын жылыжай қоса салынған. Бұл қандастарымыздың жыл он екі ай табыс тауып, дәулетті өмір сүруіне мүмкіндік берді.
Махамат Саңғылов, қала тұрғыны:
Мынау менің екінші өнімім. 4 шілдеде еккенмін. Содан бері қызанақ пен қияр жинап келемін. Машина, үйдің кредиттерін төлеп жатырмыз. Істеп жатқан ісім балаларға үлкен жәрдем. Міне қара кеше үзілген тағы осындай боп тұр. Менің еңбегімнің арқасы бәрі.
Қасиет – отбасы атажұртқа қоныс аударған кезеңде Шымкентте дүниеге келген перзент. Биыл мектептің 4 сыныбында оқып жүр. Есімін ата-анасы туған жердің қадірі мен қасиеті дарыған ұрпақ болсын деп әдейі қойған екен.
Қасиет Зайрулла, мектеп оқушысы:
Мен Қазақстанда тұрғаныма қуанамын, мақтанамын. Өйткені ұлан байтақ жері бар. Әдемі жерлері көп. Мейірімді адамдары да көп.
«Асардағы» екі мектеп білім сапасы бойынша бүгінде үздіктер сапында. Оқушылар мұнда білім алуымен қатар жер шарының түрлі белдеуінде өсетін 800-ге жуық өсімдік пен ағаш түрін өсіруде. Оқушылар оларды тек күтіп-баптап қана қоймай генетика мен биотехнология, IT саласының жетістіктерін пайдаланып, ғылыми жобалар жасауға кіріскен.
Сейдахмет Мамырбаев, «Ел аманаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Қалада 138 мектеп болса, соның алдыңғы он мектебіне кіреді. Балалар өте күшті білім алып жатыр. Жоғары оқу орнынына түсуде.
Бүгінде шағын ауданда бірнеше мектеп пен балабақша, емхана жұмыс істейді. Жуырда халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Енді көкөніс сақтайтын қойма мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін бірнеше кәсіпорын салынуда.
Ғани Қалмаханов