Беларусь Республикасында Мұхтар Әуезовтің мерейтойы аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Беларусь Республикасында Мұхтар Әуезовтің мерейтойы аталып өтті

11.10.2022

Беларусь Республикасында «Абай жолы» эпопеясының негізінде фильм түсіру керек. Минскіде Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай өткен жиында әдебиеттанушылар осындай ұсыныс жасады. Онда қазақтың көрнекті жазушысы, драматург туралы естеліктер айтылды.

Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтерген тұлға. Оның әр шығармалары әлем әдебиетшілерінің қызығушылығына ие. Ақын, прозаик Михаил Поздняков «Абай жолы» эпопеясын беларусь тіліне аударғаннан кейін, осындай ой түйіпті.

Михаил Поздняков, ақын, әдебиеттанушы:

Мұхтар Әуезов әлемдік мәдениеттің дамуына ықпал етті. «Абай жолы» романы қазақ халқының бір ғасырлық энциклопедиясы. Әуезов сияқты талантты әлем мойындап отыр. Мен романды аудара отырып, өзім үшін көп нәрсе түртіп алдым, қандай бағытта шығармашылықпен айналысатынымды анықтадым. Менің ойымша Беларусьта «Абай жолы» эпопеясының желісінде фильм түсіру керек.

Минскіде 2009 жылы орта мектепке Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Онда білім алып жатқан оқушылардың 100 пайызы жазушының шығармаларын оқыған. Жуырда қазақ тілін үйренуге ден қойыпты, өйткені мектепте арнайы қазақ тілі үйірмелері жұмыс істейді.

Валерия Гершензон, оқушы:

Мен Мұхтар Әуезов атындағы мектепте оқығандықтан қазақ әдебиетіне қатты қызығамын. Сондықтан бір аптаға Қазақстанға барып, мәдениетімен танысқым келеді. Болашақта осы арманымды орындаймын.

Конференция барысында жазушының соңғы аударылған туындалары мектеп кітапханасына тарту етілді. Минскіде Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай шаралар жалғаса бермек.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу