АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 31 триллион доллардан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 31 триллион доллардан асты

10.10.2022

АҚШ қарызға белшесінен батып барады. Осы айда мемлекеттік қарызы алғаш рет 31 триллион доллардан асты. Әлемдік экономиканың үштен бірін уысында ұстап отырған алпауыт елдің берешегінің көбейуі дүниежүзіне қатер төндіруі мүмкін дейді кейбір сарапшылар. 

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:
АҚШ үкіметі кімге қарыз? Қаржы министрлігінің келтірген мәліметіне қарағанда қарыздың басым бөлігі нақты айтқанда, 24 триллионы жеке тұлғаларға тиесілі. Яғни, американың зейнетақы қорлары, сақтандыру компаниялары және банк салымшылары. Демек миллиондардың үлесі бар деген сөз. Бұдан кейінгі негізгі қарыз берушілердің қатарында шет мемлекеттері тұр. Америка оларға шамамен 7 триллион доллар берешек. Кредиторлардың көш басында Жапония, Қытай және Ұлыбритания тұр.
Камран Бохари, «Newline institute» сараптамалық даму институтының директоры:
АҚШ экономикасына бұл қарыздар үлкен салмақ салады. Қарыз неғұрлым көп болған сайын, ол қаржылық жүйеге де кері әсерін тигізеді. Дегенмен, АҚШ әлемнің бірінші экономикасы саналатын супердержава және халықаралық сауда-саттық негізінен доллармен жүреді. Сондықтан Америка дамушы мемлекет болса бұндай қарызбен сөзсіз қиналып қалар еді.

Бұл АҚШ-тың қарызын онлайн режимде көрсететін сайт. Ұлттық берешек әр тұрғынға есептегенде 93 жарым мың долларға жақындаса, әр салық төлеушіге 247 мыңнан келеді. Ал, ішкі жалпы өнімге шаққанда 125 пайыздан асқан. Қоғамдық ұйымдар бұл мәселеге көптің назарын аударуға тырысып бағуда. Мына билборд сол үшін қойылған еді. Енді ондағы мәліметті қайта жаңартуға тура келмек.

Қарыздың шектен тыс көбейуіне негізінен COVID себеп болды. Шамамен 5 триллион доллар жұмыссыздықпен күреске, шағын бизнесті қолдауға жұмсалды. Федералды шығыстардың өсуі инфляцияны ушықтырып, экономиканың құлдырауына түркі болды. Кіріс азайып, шығыс көбейген соң бюджет тапшылығын тағы да ұлғайтуға тура келді.

Жалғас Сәдібекұлы журналист

Байден әкімшілігі қазір бюджеттің шығысын қысқартып, кірісті ірі корпорацияларға салынатын салықты өсіру арқылы көбейтуге күш салып жатыр. Десе де сарапшылар қарыз тым көбейіп кетсе, үкімет оны уақытылы өтей алмай, салдары экономикалық күйзелістерге әкелуі мүмкін деп алаңдап отыр. Бұл үкіметтің құнды қағаздарына қаржы салған миллиондарға әсер етуі ықтимал. 


Хабарламаларға жазылу