Балаларымызды мектепке жібермейміз». Алматы облысына қарасты Жібек Жолы ауылының тұрғындары жергілікті әкімдікке осылай наразылығын білдіріп отыр. Өйткені білім ошағына апаратын төте жол жекенің қолына өтіп кеткен. Ал, 3-4 шақырымдық айналма көшемен ұл-қыздарымызды жіберуге қорқамыз дейді олар. Жалпыға ортақ жол қалай сатылып кетті, жауаптылар не дейді?
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бұл әуел баста жалпыға ортақ көше болған. Бірақ, осыдан бірнеше жыл бұрын белгісіз себептермен сатылып кеткен. Қазір міне, көріп тұрғандарыңыздай учаске иесі жолды мықтап қоршап алған. Салдарынан мектеп оқушылары зардап шегіп отыр.
Амалы жоқ ата-аналар ауласында қоршауы жоқ көршілеріне өтініш айтып, балаларын осылайша мектепке аттандырып жүр. Себебі, айналма жол тым алыс.
Тұрғындар осыған дейін ауылдық округ пен Қарасай ауданының әкімдігіне талай жүгініп, тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырған. Көшені сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарамыз деген басшылардан жауап келмепті. Енді ата-аналар балаларын мектепке жібермейміз деп бекініп отыр.
Жібек Жолы ауылында жаңадан бой көтерген 50-ге жуық үйдің тұрғындары бүгінге дейін газ бен ауыз суға да қол жеткізе алмай отыр. Себебі, жолдың бірнеше сотығын иемденген азамат участкесінен құбыр тартуға тыйым салған.
Рая Бердішева, жер учаскесінің иесі:
Әкімдіктен келіп құжаттарын көрсетіңдер деді. Барлық құжаттарды көшірмелерімен бірге әкімдікке бердік. Жолды ашпаймын. Заңды түрде ашып берсін.
Мәселеге жауапты аудан әкімі қызметтік сапармен жүргендіктен, жұмыс орнында болмады. Ал Жібек Жолы ауылдық округінің басшылығы жол 2017 жылы сатылып кеткен, шешімді кімнің шығарғанын білмейміз деп қысқа қайырды.
Дидар Нұрақынов, Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары:
Үйді салып, жолды жауып тастаған кісімен келіссөздер жүргіздік. Ол кісі бізбен көліссөзге көнген жоқ. Біз өз тарапымыздан тұрғындарға толық материал жинап бердік. Енді тұрғындар өз тарапынан сотқа жүгінуі керек.
Жібек жолы аталып, бірақ жолға жарымаған ауыл халқы енді сотқа жүгініп, мәселеміз шешіледі деген үмітте.
Нұрсұлтан Тілектес