Қызылордада қарттар үйіне автобус алуға қаржы бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада қарттар үйіне автобус алуға қаржы бөлінді

01.10.2022

Халықаралық қарттар күніне орай қызылордалық ардагерлер ардақталды. Облыс әкімі қаладағы №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, ақжаулықты аналар мен қарияларды мерекесімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Бүгінде аймақта 78 мыңнан аса зейнеткер бар. Соның ішінде, тағдырдың тауқыметімен жалғыз қалған қарттар бүгінде мемлекет қамқорлығын сезініп келеді. Ардагерлер мен мүгедектігі бар жандарға арналған орталық заман талабына сай жаңғыртудан өтіп, барлық жағдай жасалған.

Дүйсенбай Сыздықбаев, зейнеткер:

Былтырдан бері осы қарттар үйінде жатырмын. Әр жылдарда осындай қарттар мейрамын қарсы алып отырмыз. Бізге қызмет істеп жатқан әлеуметтік қызметкерлерге рақмет. Шахмат, шашка, спорттық жарыстар бәрінен қалмаймыз.

Аймақ басшысы қарттарды мерекесімен құттықтай келе қуанышты жаңалығын да жеткізді. Биыл облыс бюджетінен 21 миллион теңге бөлініп, орталыққа жақын күндері шағын автобус сыйға берілмек. Яғни, енді ардагерлерге еліміздің мәдени, тарихи орындарына саяхатқа шығуына мүмкіндік туады. Сондай-ақ, мерекеге орай концерттік бағдарламасымен келген жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, қарттарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«Ардагерін ардақтаған ел тозбайды» деген. Қазыналы қарттарға құрмет бір күндік емес, жыл бойы түрлі игі шаралармен жалғасын таба бермек.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу