Елімізде адвокаттардың мәртебесі мен құқықтарын қорғайтын Конституциялық заң қажет. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында осы мәселе көтерілді. «Адвокатура институтын дамыту азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіреді»,- дейді жиналғандар.
Әр азматтың білікті заңгерлік көмек алуға құқығы бар. Ата заңда осылай жазылған. Бұл тікелей адвокатура институтына жүктелген. Қазір Конституциялық сот, Прокуратура, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі бас құжатпен реттеледі. Олар туралы Конституциялық заң бар. Кешенді іс-шаралар аясында адвокаттар тыс қалмауы тиіс. Отырысқа қатысушылардың пікірі осы.
Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы:
«Қолыңда болса бар билік, Қараға залым болмаңыз. Алдыңа келсе бітпес дау, Әділін айтып қорғаңыз». Бұл Төле бидің айтқан сөзі. Қылмыстық процесте жарыспалылық пен тепе-теңдікті қалай сақтаймыз? Сотқа барғанда Прокурор мен адвокат тең болу керек. Құқық жағынан да, жарыспалылық жағынан да. Осы тұста ақтаңдаңдар бар.
Адвокаттар проблемасы жаңа ғана көтеріліп отырған жоқ. Талай мінберде айтылды. Мысалы адвокат айналысқан істе бәрі құпия болуы тиіс. Тиісті норма бар. Сондықтан олардың жүріп-тұруына, ақпарат пен дәлел жинауына ешқандай кедергі болмауы қажет. Адвокаттың өзінің жұмыс істеу тәсілі мен күдіктіні қорғау тәртібі бар.
Айдын Бикебаев, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:
Адвокат тергеушіге процессуалдық оппонент қой. Онда қандай мүмкіншілік бар, адвокатта да сол болу керек. Адвокат өзінің қорғап жатқан адамымен кездесуі құпия болу керек. Ешкім білмеу керек. СИЗО-ларда адвокаттармен кездесетін кабинеттерде видеокамера тұр. Біз оған қарсымыз.
Заң үстемдігі мен әділ төрелік. Сот жүйесіндегі негізгі қағида осы. Құқық қорғау институттарын күшейту сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға жол ашады. Азаматтардың құқықтық санасын артыру да дәл қазір өзекті. Бұл ретте адвокаттың көтерген жүгі ауыр.
Игорь Рогов, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы:
Енді кез келген азамат Конституциялық сотқа жүгіне алады. Бұл ретте ол заңды жақсы білу керек. Сауатты азамат жоқ дегенде өзінің құқықтарын білуі шарт. Дәл осы тұста оған кім көмектеседі? Әрине, адвокат. Оларға қатысты қордаланып қалған мәселе көп. Сонымен қатар, адвокаттардың өздері де жаңа Ата заңның нормаларымен жақын танысуда белсенділік танытулары тиіс.
Жиналғандар процессуалдық-кодекстерге де өзгеріс енгізуді сұрап отыр. Себебі елдегі 6 мыңға жуық қорғаушыға қолдау ауадай қажет. Ұсыныс жүзеге асса, азаматтардың құқығын қорғау үрдісі тағы бір жаңа деңгейге көтеріледі.
Дарын Сағитов