Димаштың Алматыдағы концерті қала қазынасын толықтырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаштың Алматыдағы концерті қала қазынасын толықтырды

29.09.2022

Жаһан жұртын тамсандырған Димаш Құдайберген - өнері арқылы Қазақстанды әлемге танытып қана қоймай, ел экономикасына да табыс әкеліп отыр. Экономист, қаржыгерлер осылай дейді. Мәселен Алматыдағы шоу концертіне 6 мыңнан астам шетелдік мейман келген. Олар алып шаһардың әсем жерлерін аралап, қазақтың салт-дәстүрімен танысты. Естелікке ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен әнші бейнеленген сыйлықтар алды.

Норма Чавес - Димаштың Америкадан келген жанкүйері. Қазақстанға алғаш рет табан тіреуі. «Stranger» концертінен алған әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес-дейді ол. Осы саяхатқа бас-аяғы 5 мың доллар жұмсағанын айтады.

Норма Чавес, Димаштың жанкүйері /АҚШ/:

Димаштың кешіне афиша шыққан кезде бірден концерттің және ұшақ билетін сатып алдым. Қонақ үй таңдадым. 20 қыркүйек Алматыға кедім. Сол уақыттан бері қаланың біраз көрікті жерін араладым. Қаржымның көп бөлігі қонақ үй мен билет шығындарына жұмсадым.

Бұл ретте, концерт алдында қаладағы 4-5 жұлдызды қонақ үйлердің көбі лық толды. Ауқымды кештің арқасында осы салаға да біраз кіріс көргені жасырын емес.

Алмаз Дөненов, Қонақ үйдің сату және маркетинг бөлімінің басшысы:

Жалпы, қыркүйекте өткізілетін іс-шаралар легі көп. Шетелдіктердің қалаға келу себептері жиіледі. Соның бірі - жақында өткен Димаш Құдайбергеннің концерті. Соңғы аптада қонақ үйіміз лық толды, бірнеше күнге адам қабылдауды тоқтаттық. Осы уақытта, бізге түскен пайда бірнеше есеге артты.

«Stranger» концертіне әлемнің 68 мемлекетінен 6 мыңнан астам турист келген. Олардың басым бөлігі тоқтаған. Алматыдағы 4-5 жұлдызды қонақ үйлердің орташа бағасы тәулігіне 40 мың теңгеден асады. Концерт билеттерінің құны 8 мыңнан басталып, 40 мыңға дейін жетті. Шетелдіктер шаһардың көрікті жерлерін тамашалады. Экономистердің есебінше, Алматыға сапары кезінде бір турист кемі 1 мың доллар жұмсап, қала бюджетін айтарлықтай толықтырды.

Мақсат Халық, Экономист:

Туристердің бірінші кезекте пайда келтіретін саласы - ол қонақ үй, қызмет көрсету саласы. Пандемиядан кейін бұл салалар бізде қиналып қалған. Осы Димаштың концерті сияқты әлемдік дәрежедегі концерттердің ұйымдастырылуы бұл салаға қосымша дем береді деп айтуға негіз бар. Димаштың концертіне келген азаматтар доллармен келеді. Олар еуромен келеді. Оның бізге пайдасы да өте жоғары,себебі, шетелден көк қағаздың келіп жатқаны теңгенің тұрақты болуына белгілі бір дәрежеде ұлесін береді деп айтуға негіз бар.

Музыка, кино, дизайн, жарнама, сән бизнесінен елге келетін табысты - креативті экономика дейді. Бұл салаларда Қазақстанда 285 мың адам еңбек етіп жүр. Ал белгілі сарапшылар әлемді әнімен тербеген Димаш Құдайбергенді ұлттық компаниялар сияқты экономикаға орасан зор пайда әкелетін брендке айналды деп отыр.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу