Түркістан облысы Сарыағаш ауданында үш жылдың ішінде 31 мектеп салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында үш жылдың ішінде 31 мектеп салынады

26.09.2022

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында апатты және үш ауысымда білім беретін мектептерді болдырмау үшін үш жылдың ішінде 31 мектеп салынады. Оның 12-і ел Президентінің биылғы Жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтермек.

Бұл – қазақ-өзбек шекарасындағы Достық ауылы. 1999 жылы екі ел шекарасын бекемдеп алған тұста өзбек мектебінде оқып жүрген 200-ге тарта қаракөз білімсіз қалатын болған соң ел болып мына мектепті өз күштерімен тұрғызды. Сапасыз салынғандықтан кейіннен апатты жағдайға жеткен ғимаратта ауыл балалары биылға дейін оқып келді. Ширек ғасыр қиындық көрген Достықтың балалары осы оқу жылында жаңа білім ұясының табалдырығын аттады. Сәулетті мектепте білім алуға барлық жағдай жасалған.

  Әуезбек Әдеев, Достық ауылының тұрғыны:
Ауылымызға үлкен серпін тудырды. Ұстаздар ұжымы алдына биік мақсат қойып, келешекте елге қызмет ететін ұрпақ тәрбиелейміз дейді.

 Биыл Сарыағаш ауданы бойынша жаңадан 7 мектеп салынды. Соның арқасында енді аймақта бір ғана апатты жағдайдағы білім ұясы қалды. Үш ауысымдағы оқу орындарының саны екеуге дейін қысқарды. Онға тарта мектепке күрделі жөндеу жасалды.

 Бәйбек Бекмұрзаев, мектеп директоры:
 1984 жылы колхоздың күшімен асарлап салынған мектеп еді. Биыл қалпына келтіріліп, дуалдары істелінді. Әрленіп, есіктері жаңарды. Енді парталарымыз жаңарса, 100 пайыз жаңа мектеп боламыз.

 Аймақта жаңадан мектеп салу ісі демографиялық өсімге ілесе алмай келеді. Сарыағашта биыл мектепті 3 мың түлек аяқтаса, 1 сыныпқа келген оқушылар саны одан екі есеге артық. Осыны ескеріп 2025 жылға дейін 30-дан астам білім ұясын салу жоспарланды.

  Дәулет Акатов, Сарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:
 Қалада 3 мектеп, ауылдық жерде 9 мектеп «Жайлы мектеп» бағдарламасына еніп отыр. Осы 2025 жылға дейін үш ауысымды, апатты мектептердің жағдайы осымен шешіледі.

Мектептерде жағдайдың жақсарғаны білім сапасына да әсер етті. Қазір бірнеше мектепте шәкірттерге шетелдік мамандар дәріс беріп жатыр. Араларында Назарбаев мектептерінде тәжірибе жинақтап, арнайы бағдарлама бойынша келгендер де бар. Соның арқасында өткен оқу жылында сарыағаштық бір оқушы республикалық пәндік олимпиадада топ жарды.

Ғани Қалмаханов, Н. Нұрбек

Хабарламаларға жазылу