Жезқазғандағы ауызсу құбырларының 72 пайызы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғандағы ауызсу құбырларының 72 пайызы тозған

24.09.2022

Жезқазған қаласының тұрғындары таза ауызсуға зәру. Себебі құбырдың 70 пайыздан астамы әбден шіріп тозған. Кеңгір су қоймасынан алынатын тіршілік нәрі гидроцехта қанша тазартылғанымен, құбыр бойымен үйді-үйге жеткенше ішуге жарамай қалады. Коммуналдық саладағы бұл келеңсіздік қашан шешіледі? Тілшіміз Руслан Нұрланұлы мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Қала тұрғыны Сәуле Тұрғынбектің отбасы краннан аққан суды мүлдем ішпейді. Дәмі кермек татитындықтан тек шаруашылыққа ғана пайдаланады. Ал ауызсуды дүкеннен сатып алады.

Сәуле Тұрғынбек, қала тұрғыны:
Кранның суы нашар. Ыдыстың барлығы тоттанып кететіні содан ғой. Сосын біз 5 литрлік суды алып тұрамыз. Анау кранның суы кір жууға ғана жарайды. Ақшамыз жоқ болса амалсыз краннан ішеміз.

Қаладағы қай үйге барсаңыз да жағдай осы. Тіпті шалғайдағы бұлақтан су тасып ішетіндер бар. Алайда елдің көбінің оған шамасы жете бермейді.

 Руслан Нұрланұлы, тілші:
Жезқазған қаласындағы ауызсу құбырларының 72 пайызының тозығы жеткен. Гидроцехта тазартылған тіршілік нәрі дат басқан құбырлармен үйлерге жеткенше лас суға айналады. Қаладағы бұл проблеманы жою үшін 4 жылдық бағдарлама қабылданған. Соның негізінде құбырлар жаңартылып жатыр.

Қалада әбден тозығы жеткен 217 шақырым құбыр бар. Соның 20 шақырымы негізгі тораптар. Биыл 15 шақырымы жаңаланған. Соңғы рет құбырлар 80-жылдары ауыстырылған.

Мәруә Келмағанбетова, Жезқазған қаласы құрылыс бөлімінің басшысы:
217 шақырым ауызсу құбырын ауыстыру үшін барлығы 6 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ескі су құбырларында авариялық жағдай жиі кездеседі. Құбырлар тозған, ішіне қақтар тұрады ғой. Сол қақтың салдарынан судың түсі сарғыш болатыны сондықтан.

Жезқазғанда 91 мың тұрғын бар. Ауызсудың 70 пайызы Кеңгір қоймасынан, қалғаны жерасты су көздерінен беріледі. Оны тазартатын гидроцехтың өзіне жаңғырту жұмыстары қажет. «Бұған қоса Айдос-Үйтас және Есқұла жерасты су көздерінен тартылған құбырларды да толық жаңалау керек»,-дейді мамандар.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу